Книжевск бөгеті жарылды: Тұрғындардың өміріне еш қауіп жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Книжевск бөгеті жарылды: Тұрғындардың өміріне еш қауіп жоқ

22.11.2021

Алматы облысында су қоймасы жарылды. Апат болған Книжевск бөгетінің сыйымдылығы, 4,5 млн текше метрді қамтыса, соның жартысы ғана суға толы болған екен. Қазір оқиға орнында әріптесім Қуан Нұрақын жүр.

Қуан Нұрақын, тілші:

Қазір жарылған су қоймасының жанында тұрмыз. Кеше түнгі 11-лерде су негізгі суағардың жанын ағызып кеткен. Тасқын салдарынан 500 метр төменде орналасқан иттердің уақытша паналау орнын су шайған. Су басқан кезде төтеншеліктер үй жануарларын қауіпсіз жерге шығарып үлгерген. Су қоймасы егін алқабын суғару мақсатына пайдаланылған. Жамбыл ауданын әкімдігінің хабарлауынша, апаттан зардап шеккен ешкім жоқ. Бөгет жарылардың алдында Мыңбаев және Қасымбек ауылдарын жалғайтын тас жол жабылған.

Ақниет Туматаев, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:

Түнгі сағат 12-ден таңғы сағат жетіге дейін жүргіншілердің жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудандық ІІБ қызметкерлері жолды уақытша жапты. Мыңбаев ауылының тұрғындарына еш қауіп төнген жоқ.

Қуан Нұрақын, тілші:

Су қоймасы 2004 жылы жарылған екен. 2019 жылы бөгетке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, биыл мамыр айынды ғана пайдалануға берілген. Аудан әкімдігінің сөзінше, құрылыс жұмыстарына 450 млн теңге жұмсалған. Қазір су шайған бөгет маңында ішкі істер қызметкерлері мен төтеншеліктер жүр.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу