Түркістан облысында халыққа 70 млн шығын келтірген қылмыстық топ ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында халыққа 70 млн шығын келтірген қылмыстық топ ұсталды

18.11.2021

Түркістан облысында полицейлер 1,5 жыл бойы іздеуде жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесін қолға түсірді. Түркістан және Кентау қалаларының аумағында мал ұрлығымен айналысып келген қарақшылар 150-ден астам жылқы, сиыр ұрлап, жұртқа 70 миллион шығын келтірген. Күдіктінің 19 қылмысқа қатысы дәлелденіп отыр. Ал бұған дейін осы қылмыстық топтың 5 мүшесі ұсталған болатын. Жыл басынан бері Түркістан облысында 214 мал ұрлығы тіркелген.

Жасұлан Нысанбай, ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары:
Екі күн нәтижесінде мал ұрлығы қылмысымен айналысып жүрген екі қылмыстық топ құрықталып, олармен бұрын-соңды жасаған 5 мал ұрлығы қылмысы анықталып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Павлодар облысы аумағында ауыл тұрғындарының 46 жылқысын ұрлаған барымташы ұсталды. Баянауыл аудандық полиция бөліміне тұрғындар тарапынан малының жоғалғаны жөнінде шағым түскен. Іздестіру шаралары барысында Қарағанды облысының 36 жастағы тұрғыны күдікке ілінген. Ол 37 бас жылқыны иелеріне қайтарған. Ал қалғандарын сатып, өзінің бұрынғы қарыздарын жапқанын мойындаған. Қазір күдіктінің үстінен «Аса ірі көлемдегі мал ұрлығы» деген айыппен қылмыстық іс қозғалып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Атырау облысында да 6 адам мал ұрлады деген күдікпен ұсталған. Олар республикалық «Барымта» жедел-профилактикалық шаралары кезінде қолға түскен.

Айнұр Ақбаева, Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу