Алматылықтар коронавирусты сауда нысандарында көп жұқтырады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылықтар коронавирусты сауда нысандарында көп жұқтырады

25.08.2021

 Алматылықтар коронавирусты әсіресе сауда орындарында көп жұқтырады. Осылай деген қаланың бас санитар дәрігері вирус өршіп тұрған негізгі бес орынды атады.

Бұл тізімге қоғамдық көліктер, базарлар мен азық-түлік сату орындары кіреді. Жандарбек Бекшиннің сөзінше тамыз айы басталғалы 37 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырған. Ал жыл басынан 120 мың жағдай тіркелді. Дәрігер аурудың күрт өршіп кетуін «дельта» штамының тез таралуымен байланыстырып отыр. COVID-19 індетін жұқтырғандардың басым бөлігі 20 мен 39 жас аралығындағы жастар. Инфекциялық стационарларға түскендердің 95 процентінде ауру белгілері бар. Ал денсаулық сақтау департаментінің басшысы осы айдың соңында вирус жұқтырғандардың саны әлі де артуы мүмкін деп болжап отыр. Қыркүйектің екінші жартысында ғана жағдай тұрақталады деген жорамал айтылды. Сол себепті карантиндік шектеулер жалғасады.

Жандарбек Бекшин, қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері: 
Алматы қаласында шектеу шаралары ағымдағы жылдың 4 қыркүйек демалыс күндері және 6 қыркүйекке дейін ұзартылды. Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру, білім беру мекемелерінде жаңа оқу жылын штаттық режимде ұйымдастыру мақсатында халықты жедел вакцина алуға, қоғамдық орындар мен қоғамдық көліктерде бетперде режимін сақтауға шақырамын.

Сонымен қатар, Жандарбек Бекшиннің сөзінше жалған вакцина паспортын алғандар екпе салдыра алады. Оларға рақымшылық жасалып, жауапқа тартылмайды. Тек құжатты сатып алу себебін түсіндіруі тиіс. Бас дәрігер вирус жұқтырып ауырғаннан гөрі, вакцина алып, аурудың алдын алған әлдеқайда тиімді екенін айтты.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу