Ресей астанасында локдаун жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей астанасында локдаун жарияланды

24.10.2021

Қазанның 28-нен бастап қарашаның 7-не дейін Мәскеуде тек дәріханалар мен бірінші кезекте қажет тауар сататын дүкендер ғана істейді. Сөйтіп Ресей астанасында локдаун жарияланды. Сауда орталықтары, кинотеатрлар, зообақтар, спорт залдар мен сұлулық салондары жабылады. Мейрамханалар алып кететін не жеткізіп беретін тамақ дайындайды. Тек музейлер мен театрларға жеңілдік қаралған - QR-код арқылы 50% тен асырмай адам қабылдай алады. Бұл жерде түсініксізі – театр мен кинотеатрдың қандай айырмасы бар? Ресейде қазір коронавирусты тәулігіне 36 мыңнан аса адам жұқтырады. Қайтыс болатындар саны мыңнан асады.

Британия медиктері мен ғалымдары өкіметінен адам көп жиналатын жерде маска тағуды міндеттеуді және ковид-паспорт енгізуді сұрап отыр. Covid-19 қайта өршіп барады. Жұқтырғандар тәулігіне 50 мыңнан асып кетіп жатыр. Ал Латвия Еуропа елдерінің ішінші бірінші болып локдаун енгізді. Бейсенбіден бастап мектептер, дүкендер, мейрамханалар, сауық орталықтары жабылды. Кешкі сегізден таңертеңгі беске дейін коменданттық сағат.

Және бір айта кететіні, коронавирус дельта-штаммының өзі мутацияланған. Ғалымдардың айтуынша, «классикалық» дельта-штаммнан айырмашылығы – жаңасында екі бүртік болады. Дегенмен бұл катастрофалық қауіпті дегенді білдірмейді, жұғу қаупі 10% -ке артық болуы мүмкін», - деген Лондон университет колледжі жанындағы генетика институтының директоры Франсуа Баллудың сөзін BBC келтіреді.

Covid-19 коронавирусы мен коронавирустық пневмония бойынша еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің бүгінгі ақпарына келсек, жалпы мәлімет ғана шықты. Министрліктің серверлерінде профилактикалық жұмыстар жүріп жатыр, 24-нің статистикасын ертең береміз депті.

Жалпы 50 683 адам ауырып жатыр, 633 адамның жағдайы ауыр, 172 адамның жағдайы өте ауыр. 112 адам өкпені желдететін аппаратқа қосылған. Вакциналауға келсек, екпенің екі компонентін де 7 318 597 адам салдырған.

Хабарламаларға жазылу