Бытығай кесенесі маңында қазба жұмыстары басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бытығай кесенесі маңында қазба жұмыстары басталды

28.07.2021

Қорғалжында қазба жұмыстары басталды. Археологтар бұған дейін аз зерттелген Бытығай кесенесі маңын толық игеріп, жаңа деректер табуды көздеп отыр. Жоба Ақмола облысы әкімдігінің тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеуге арналған бағдарламасы аясында іске асуда. Жұмыс барысымен тілшіміз танысып қайтқан болатын.

Бауыржан Бөгенбай, тілші:
Бытығай кесенесі жобамен ХІІ-ХІІІ ғасырларға жатады. Ақмола облысы Қорғалжың ауданындағы Нұра өзенінің сол жақ жағалауында, Қорғалжын ауылынан 2,5 шақырым жерде орналасқан. Бұл нысан туралы деректер алғаш рет 17 ғасырдан бастап кездеседі. Ал 1949 жылы кесенеде Әлкей Марғұланның жетекшілігімен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілген болатын. Десе де, әлі күнге дейін нақты бір тоқтам жоқ.

Орта ғасырға жататын өзге кесенелердің архитектурасына қарай отырып, мұнда 2006 жылы қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Аңызға сүйенсек, мазарда оқыс жағдайда мерт болған сәулетші жерленіпті.

Айбар Қасенәлі, археолог:
Халық аузында оны Бытығай дейді, Ботағай дейді. Әртүрлі атаулары бар. Енді Бытығай деген атауды біз қазір қабылдаймыз. Бұл Орта ғасырлармен мерзімделеді. Алтын Орда дәуірінің сәулет ескерткіші. Бұл жерде жалпы орта ғасырларда тек кесене емес, қала болған деп те айтады. Бірақ, қазіргі таңда біз тек кесененің орнын көріп отырмыз. Қаланың орны әлкүнге дейін белгісіз қай жерде екені.

Тәжірибелі археологтардан жасақталған арнайы құрам ендігі жұмыстарын бастап кеткен. Мақсаттары бұған дейін айтылып келген түрлі долбарларға, ғылыми дәлелдермен нүкте қою.

Сырым Есен, археолог:
Қазба басталды 2-3 күн болды. Қазіргі таңда алғашқы беткі тазалау жұмыстары аяқталды. Көріп тұрғаныңыздай төртбұрышты, қыш кесектен өрілген бір құрылыстың нобайы шыға бастады. Шамасы қандай да бір жерлеу орны болуы мүмкін.

Қазір ғалымдар заманауи озық әдістерді қолдана отырып, кесене маңын зерттеуде. «Бір болжам айту қиын. Болашақта табылған жәдігерлерді сараптамалық тексерістен өткізіп барып қана, ғылыми қорытынды шығаруға болады» дейді мамандар.

Бауыржан Бөгенбай


Хабарламаларға жазылу