Батыс Қазақстанда жол құрылысы кестеден кешігіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда жол құрылысы кестеден кешігіп жатыр

21.06.2021

Батыс Қазақстанда жол құрылысы кестеден бір айға кешігіп жатыр. Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов аудандарын қамтитын республикалық жолдың биыл 118 шақырымы салынуы керек. Бұған 18 млрд.теңге бөлінген. Алайда бекітілген 5 мердігердің біреуі ғана құрылысты бастаған. Қалғандары, тіпті салық органында тіркелмепті. Жолдың жайын көзімен көріп келген депутат бөлінген қаражат биыл да игерілмей қала ма деп алаңдайды.

Тұрарбек Тілемісов, облыстық мәслихат депутаты:
Халық қиындық көріп отыр. Жолда жүре алмай жатыр. Азық-түлік өсіп жатыр. Оралда ештеңе емес, ана жаққа көлік бара алмай жатыр. Жол 30-35 күнге кешігіп жатыр кестеден. Жергілікті Қазавтожол бастығының жұмысы өте әлсіз. Барып, қарап шықтым депутат ретінде, бір кісісі жоқ "Қазавтожолдың". 5 обьект, 238 км жол. Госпрограммамен кеп жатқан ақша, ертең берілмей қалса, жолымыз қалып қояды.

Үш ауданды облыс орталығымен байланыстыратын 238 шақырым жол биыл жөнделіп бітуі тиіс еді, алайда пандемияның кесірінен жұмыс кешеуілдеп, құрылыс тағы екі жылға созылды. Енді, жол жөндеуге салғырт қараған мердігерлер қатаң жазаланады дейді жергілікті билік өкілдері.

Ғали Есқалиев, облыс әкімі:
Мол жаңбыр болды осы 2 айда, сондықтан жұмыс өте баяу жүріп жатыр. Жол салуға 4 ай, яғни 120 күн қалды. 120 күнде 120 шақырым салу, әрине, оңай емес. Былтырғы, биылғы бөлінген қаражат дұрыс, уақытылы игерілмесе, әр мердігер бойынша министрлік деңгейінде сұрақ көтереміз. Мүлдем лицензиясынан айыру немесе үлкен айыппұлдар салу жайлы ұсыныстарымызды беріп жатырмыз.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу