Қарағанды-Балқаш автобанының құрылысы кестеден кешігіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды-Балқаш автобанының құрылысы кестеден кешігіп жатыр

29.09.2021

Қарағанды-Балқаш автобанының құрылысы кестеден кешігіп жатыр. Еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін байланыстыратын бұл күре жол 2023 жылы салынып бітуі керек. Алайда құрылыс баяу жүруде. Мердігерлер межелі уақытқа дейін үлгере ме? Мәселенің мән-жайын тілшіміз Руслан Нұрланұлы анықтап көрді.

Автобан құрылысы 2019 жылы басталды. Содан бері жұрт жол азабын тартып келеді. 363 шықырым қашықтықты бұрын 4 сағатта жүріп өтсе, қазір жарты күн жоғалтады.

Жол құрылысына қажетті материалдың тапшылығы жұмыс қарқынының бәсеңдеуіне әкеп соққан. Оның үстіне пандемия кезінде құны да шарықтап кетті дейді мамандар. Мәселен жобалық-сметалық құжат 2016 жылы әзірленсе, қазір ол бағаға құрылыс материалын табу мүмкін емес.

Жол саласында білікті маман да тапшы. Бұл сайып келгенде құрылыстың сапасына әсер етпей қоймайды. ҚАЗІР ел бойынша 4 мың шақырым республикалық маңызы бар жол жөнделіп жатыр. Қазақстанда бұрын-соңды мұндай ауқымды жоба болмаған. Сондықтан маман жетіспейді, - дейді мердігерлер. Тығырықтан шығу үшін жергілікті тұрғындарды оқытып, үйретіп жатыр.
Сырым Хамзин, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары:
Қазіргі таңда жұмыстардың, жалпы физикалық жұмыстарды алатын болсақ, 50 пайызы аяқталды. Жылдың соңына дейін жаңа төсем бойынша жол қозғалысын ашамыз ба деген жоспар бар. Кейбір жердлерде екі полосамен ашамыз, 170 шақырымдай шамамен 4 полосамен ашамыз ба деп отырмыз.
Жол құрылысы 8 учаскеге бөлінген. Жоба құны 248 миллиард теңге. Қазір құрылыс басында 1400 адам еңбек етіп жатыр, шамамен 700-ге жуық техника бар. Бірақ, арқаның құбылмалы ауа-райы мен алты ай қысы автобанның құрылысын мерзімінде аяқтауға кедергі болатынын мамандар жасырмайды.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу