Биылғы санаққа онлайн режимде де қатысуға болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биылғы санаққа онлайн режимде де қатысуға болады

15.06.2021

Пандемияға байланысты бір жылға шегерілген ұлттық халық санағы биыл күзде өтеді. Негізгі кезең 1-ші қыркүйектен 30-шы қазанға дейінгі аралықты қамтиды. Он жылда бір келетін санақ биыл үшінші рет өтеді. Оған 32 мыңнан аса санақшы қатысады деп жоспарланған. Қазір дайындық жұмыстары басталды. Осы айдың соңына дейін санақты өткізу үшін әрбір елді-мекеннің аумағын бөлу мәселесі реттеліп жатыр. Санақшылар тұрғындардың мекен-жайы мен саны туралы ақпаратты нақтылауға кіріскен. Санақтың күзде өтетіні белгілі болғандықтан адамдар қазір үй аралап жүрген санақшыларға сенбей отырғанын да жасырмайды.

Олжас Сайлаубекұлы, Ұлттық халық санағы 2021 ресми өкілі: 
Халық санағы тек қана халық санын анықтау деп түсінеді көбі. Халық санағында сан ақпараттарын қарасаңыздар, дәл сол sanak.gov.kz сайтында бар төрт санақ парағы. Ол жерде 87 сұрақ бар. Ол жерде тек қана қанша адам тұрып жатқаны емес, ол адамдардың қазіргі жағдайы, ұстанатын діні, қандай қызығушылығы, жалпы түрлі үйінің жағдайы, тұрмысының жағдайына байланысты түрлі-түрлі сауалдар бар. 

Санаққа биыл алғаш рет онлайн режимде қатысуға болады. Қыркүйектің 1-інен қазанның 15-іне дейінгі аралықта әр респондент sanaq.gov.kz сайтындағы сұрақтарға жауап бере алады. Санақ бойынша жинақталған деректер кез-келген аумақтарға, облыс-аудандарға бөлінетін бюджетті нақтылау үшін керек. Санақтың ресми деректері отандық және халықаралық ғылыми ұйымдардың әрбір сала бойынша зерттеу жүргізуі үшін пайдаланылады дейді мамандар.

Ламбриан Топузидис

Хабарламаларға жазылу