Мемлекет басшысы БҰҰ бас хатшысымен сөйлесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы БҰҰ бас хатшысымен сөйлесті

04.06.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерришпен онлаин кездесу өткізді. Бейне конференция барысында Президент Антониу Гутерриштің ұйымның басшысы лауазымына екінші мерзімге ұсынылған кандидатурасын Қазақстанның қолдайтынын жеткізді. Кездесуде Қазақстанның беделді Ұйыммен ынтымақтастығының басым бағыттары, пандемияға және климаттың өзгерістерге қарсы күрес мәселелері сөз болды. Өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге күш жұмылдыру жайы талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев отандық вакцина жайлы да мәлімет берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Біз Сіздің БҰҰ басшысы лауазымына екінші мерзімге ұсынған кандидатураңызды қолдайтынымызды айтқым келеді. Қазақстанда коронавирусқа қарсы күрес жөнінде қабылданып жатқан шаралар, оның ішінде, QazVac отандық вакцинасы әзірленді. Осы жылдың соңына дейін халықтың 55 пайызына екпе салу жоспарланып отыр. Ауғанстандағы ахуалға байланысты өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды. Біз Ауғанстанға көрсетілетін көмекті жалғастыруға дайынбыз. Әрі сол елдегі тұрақтылықты қалпына келтіруге бағытталған халықаралық іс-қимылдарға атсалысуға әзірміз.

Қазақстан Президенті биылғы қараша айында Глазгода өтетін СОР26 дүниежүзілік климат конференциясына қатысуға ниетті екенін жеткізді. Аталған жиын барысында 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртегінен ада ел болуға қол жеткізу жөніндегі жаңартылған ұлттық шаралары жарияланады.

Ғабит Бөкенбай

Хабарламаларға жазылу