«Айналайын» телерадиомарафонында көмекке мұқтаж балаларға 12,5 млн теңге қаражат жиналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Айналайын» телерадиомарафонында көмекке мұқтаж балаларға 12,5 млн теңге қаражат жиналды

01.06.2021
«Айналайын» телерадиомарафонында көмекке мұқтаж балаларға 12,5 млн теңге қаражат жиналды

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Айналайын» қайырымдылық телерадиомарафонын өткізді.

Түскі сағат 12:00-ден тікелей эфирде басталған телемарафон барысында нефробластома дертімен күресіп келе жатқан 6 жастағы елордалық Альарназ Әбдікәрімге, лейкоз диагнозымен Түркияда ем алып жатқан 4 жастағы Жезқазған қаласының тұрғыны Батыр Абинге, микротия және атрезия диагнозы қойылған 5 жастағы алматылық Әлима Жаңабайға, эпилепсия, гипоплазия дертіне шалдыққан 5 жастағы Атырау тұрғыны Әмір Бадаковқа көмек көрсетілді. Балалардың жақындарының атына ашылған есепшоттар тікелей эфир барысында экранда және әлеуметтік желідегі ресми парақшаларда жарияланды.

Шараның негізгі мақсаты – денсаулығына байланысты көмекке мұқтаж балаларға көпшіліктің атсалысуымен қолұшын созу, олардың жарқын болашағына жол ашу.

Айта кеткен жөн, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының биыл 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай өткізген «Мың алғыс» қайырымдылық марафонында көмекке мұқтаж жандарға жомарт көпшіліктің қолдауымен 22,2 млн теңге жиналған.

1-ші наурыз күні «Алғыс айту» күніне орай өткізілген «Мың алғыс» қайырымдылық шарасында журналист Бағдат Мұхтарұлының еміне қаржы жиналған болатын. Көпшіліктің арқасында жиналған қаражат арқылы ол Беларусь еліне жақын арада жол жүреді. Ал, тобығы өкшесіне біткен Зарина Ниязбек Ташкент қаласында бірінші отасын жасатты. Енді екінші ота жасату үшін тағы да Ташкентке жол жүріп кетті. Сондай-ақ Ләйлә Бақтыбаеваның да еміне қаржы жиналып, қазір ол Түркияда емделіп жатыр.









Айналайын қайырымдылық телерадиомарафон Ұлттық арна көмек

Хабарламаларға жазылу