Қазақстан мен Тәжікстан құны 100 млн доллар болатын құжаттарға қол қойды. Мемлекет басшысының ресми сапары қарсаңында екі ел кәсіпкерлері бизнес форум өткізді. Онда ынтымақтастықты арттыру мен қазақстандық тауарларды жеткізу бойынша бірқатар келісім жасалды.
Тәжікстан астанасын электр қуатымен қамтитын негізгі станцияларға енді қазақстандық құрылғылар орнатылады. Кернеуі 110 киловольттық төрт трансформатор жақын арада жеткізілмек. Тараптар бүгін осындай мәмілеге келді.
Еркебұлан Ілиясов, «ALAGEUM ELECTRIC» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы:
Тәжікстан елінде 70-80 пайыз трансформаторлардың көбісі біздің Кентау трансформаторлар зауыты. Құны 1 млн доллар.
Тәжікстан таулы аймақта орналасқан ел. Сондықтан мұнда су электр станциялары бағытында ірі жобалар көп. Демек, алдағы уақытта трансформаторларға сұраныс тағы артады. Тәжіктер біздің локомативтерге де қызығушылық танытып отыр. Осыған дейін екеуін сатып алған. Тағы 4 локомотивке тапсырыс берді. Тауар құны 10 млн долларға тақау. Яғни сапасына қарай сұраныс та артуда.
Нұрәлі Бөкейханов, «QAZTRADE» сауда саясатын дамыту орталығы директорының орынбасары:
Біздің ойымызша бұл үлкен жолдың басы. Өйткені Тәжікстанда теміржолдар өндірісі жаңартылады және де электр жабдықтары, өзіңіз білетіндей Тәжікстанда көптеген гидроэлектростанциялық құрылыстар бар. Жаңа жобалар бар. Соның ішінде Қазақстанның компаниялары қазір қатысуда. Жылдың соңына дейін сатылады.
Үш күнде қазақстандық 20 компания өз өнімдерін ұсынды. Жыл аяғына қарай 70 млн доллардың тауарын экспорттау жоспарланған. Ол негізінен ауыл шаруашылығы, тамақ, құрылыс және өнеркәсіп өнімдері.
Джамшед Джумахонзода, Тәжікстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы:
Қазақстандық өнімдерге бағасы мен сапасына қарап тоқталдық. Осыған дейінгі ұзақмерзімді келісімдер нәтижесін берді. Сервистік қызметі, кепілдік мерзімі де көңілден шықты. Сондықтан тағы да келісімге келіп жатырмыз.
Ынтымақты одан ары арттыруға екі ел де мүдделі. Биыл бірінші тоқсанда тауар айналымы 270 млн доллардан асты. Былтыр осы аралықпен салыстырғанда 7 пайызға көп. Алда қарым-қатынас жаңа бағытта жанданбақ. Душанбе қызмет көрсету саласына қызығушылық танытып отыр. Ал, бізде ұсынар дүние көп. Сергек, Дамумед, Смарт сити жобалары таныстырылды. Жалпы, Қазақстан – Тәжікстан үшін ірі экспорттаушы ел. Ресейден кейін тұр. Былтырғы сауда-саттықтың 80%-ы бізден жөнелтілді. Ал, тәжік тарапы қазақ нарығын көбіне көкөніс және жеміс-жидекпен қамтып отыр.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Бұл – Орталық Азия аумағындағы ең ірі базарлардың бірі. Көтерме сауданың нақ ортасы. Бізге де дәмі тіл үйіретін бақша мен егіс өнімдері осы жерден тиеліп кетеді. Жергілікті халықты қоспағанда базарға туристер де бір соқпай кетпейді. Бірақ, байқағаныңыздай маскамен жүрген жан көрінбейді. Жалпы, Тәжікстанда солай. Карантин атымен жоқ. Өйткені, жыл кіргелі елде коронавирус жұқтырған бірде бір жағдай тіркелмепті.
Асима Нұрбайқызы