Түрікменстан Республикасынан 256 адам атажұртқа қоныс аударды. Олар Маңғыстаудағы Жаңаөзен қаласына пойызбен жетті. Бұған дейін де жыл басында 150 адам көшіп келген болатын. Қандастар еліміздің кез келген өңіріне қоныстана алады. Ал, солтүстік аймақтарға тұрақтаса, арнайы жеңілдіктер алып, өңірлік квотамен қамтылады.
Атамекенге келген қандастардың қуанышында шек жоқ. Олар құшақ жая қарсы алған жақын-жуығын көріп мәре-сәре болды. Жайнагүл Аманбекова осы сәтті ұзақ күтті. Өйткені, ұл-қыздарын қазақ жерінде тәрбиелеу - көп балалы ананың көздегені.
Жайнагүл Аманбекова, қандас:
Осы еліме қосылғым келіп, 2 жыл болды жүгіріп жүргеніме, жақсы келдік, бәріне де рахмет. Түрікменстанға да Қазақстанға да көп рахмет.
Қандастардың басым бөлігі Маңғыстау облысы аумағында, негізінен Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданында қоныстанды. Қалғандары Алматы, Тараз, Атырау қалаларына аттанып кетті.
Нұржігіт Қайроллаев, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» облыстық филиалының басшысы:
Маңғыстау облысына орналастын ағайындар негізінен өздерінің тумаластары, не болмаса алдын ала сатып алған үйлері сияқты жайларға орналасады. Жұмыспен қамту, балаларын мектептерге орналастыру деген сияқты мәселелерді жергілікті атқарушы органдар тиісінше айналысатын болады.
Биылдың өзінде елге 5 мыңның үстінде қандас оралды. Ал, былтыр 12 мыңға жуық адам қоныс аударған. Мамандардың мәліметінше, Түркіменстан, Өзбекстан және Иран Ислам Республикасында елге келуге ниетті қазақтар әлі де көп.
Аягөз Оралбайқызы