Астанада үй өртеніп, бір үйдің бес баласы қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада үй өртеніп, бір үйдің бес баласы қайтыс болды

04.02.2019

Бүгін түнде Астанада жантүршігерлік оқиға болды. Қаладағы Көктал-1 ықшам ауданында үй өртеніп, бес бала қаза тапты. Альбина, Алина, Элина, Сабина, Бақыт есімді бауырлар. Өрттің нақты неден шыққаны белгісіз. Туыстарының болжамынша, от электр пешінен тұтануы мүмкін.

Сәуле Алдамұратқызы, тілші:

- Оқиға түнгі сағат 2-лер шамасында болған. Өрт болған кезде үйде 5 бірдей бала болған. Өкініштісі сол, олар шырт ұйқыда жатқанда үйде қалып қойған. Олардың үлкені 12 жаста болса, кішкентайы Бақыт есімді 9 айлық сәби.

Тілсіз жаудан үйдің түгі қалмаған. Жартылай жанған баланың керуеті мен әр жерде шашылған киімдер ғана қалыпты. Жалындаған өртті алғаш болып көрген көрші үйдегі балалардың нағашысы отқа кіріп кеткенмен, қою түтіннен балаларды таппапты.      

Әулет Әйтімов, балалардың нағашысы:

- Балалары, інілері үлгереміз деп шелекпен суды тасыды, бірақ үлгере алмады. Сосын өрт сөндірушілер келді.

Ал, қыздардың ата-анасы бұл уақытта жұмыста болған. Күн көрістің қамымен олар күн-түн демей жұмыс істейтін көрінеді. Ал, балаларды үйдің үлкені 12-жасар Альбинаға сеніп тапсырады екен.

Айгүл Абдуллаева, туысы:

- Жағдайлары жоқ болғаннан кейін шешесі жұмысқа шығып, балаларын тастап кеткеннен кейін осындай жағдай болды. Күндіз балаларының қасында болатын.

Тапқан табысы азық-түліктен ауыспайтын отбасы, қыста көмір де алмайтын көрінеді. Тек ағаш жағатын дейді туыстары. Үйді көбіне электр пешімен жылытады екен.

Амангелді Күнтуғанов, балалардың нағашысы:

- Көмірі жоқ. Көбіне электр пешімен жылынады.

Бауырларына баскөз болып жүрген 12 жасар Альбина 41 мектепте оқыпты. Мұғалімдері оның белсенді оқушы болғанын айтады.

Наталья Хохлова, Альбинаның ұстазы:

- Ол түрлі байқауларға қатысқанды жақсы көретін. Сурет салғанды ұнататын. Шығармашылық жұмыспен айналысқанды жаны сүйетін.

Ал, мынау Альбинаның салған суреті. Төрт бауырына пана болып жүрген кішкентай қыздың бала қиялы, өзінің тұрып жатқан лашықтай ғана үйінен аспаған, ал, оны қып-қызыл түске бояуы - от жалмаған өмірінің белгісіндей боп қалды.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу