Еуропада індет өршіп, карантин күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада індет өршіп, карантин күшейтілді

29.03.2021

Еуропада ковидтің үшінші толқыны өршіп тұр. Ауруханаларда орын болмай, дәрігерлер үкіметтен шекараны жабуды талап етуде. Вирустың таралуына тосқауыл қою үшін бүгіннен бастап бірқатар мемлекет карантинді қайта күшейтті. Қарт құрлықтағы соңғы ахуалды әріптесім Нұрсұлу Қасымнан білейік. 

Нұрсұлу Қасым, тілші: 
Еуропа жастары жасырын кештер ұйымдастырып, карантин ережелерін елемегеннің кесірінен қазір ауруханаларға ауыр халде түсіп жатыр. Індеттен қайтыс болушылардың арасында да жастардың көбеюі медицина қызметкерлерін алаңдатып отыр. Париж дәрігерлері Макрон үкіметінен тез арада шекараны жабуды талап етіп, ашықхат жолдады. Әйтпесе, екі аптадан кейін біз науқастардың қайсысын құтқару керек екенін таңдауға мәжбүр боламыз-делінген хатта. Қауіпті аймақ тізіміне енген Франциядан Германияға қатынайтындар бұдан былай ковидке тест тапсырып, 10 күн оқшаулануы тиіс. Польшада бір тәулікте індетті 30 мыңға жуық адам жұқтырған соң, ел үкіметі ұлттық локдаун жариялады. Чехияда төтенше жағдай 11-сәуірге дейін ұзартылды. Румынияда тұрғындарға кешкі сағат 8-ден кейін үйден шығуға тыйым салынды. Жалпы барлық Еуропа елдерінде карантин сәуірдің соңына дейін күшейтілді.
Вакцина әлі де тапшы. Швед пен британдық концерн AstraZeneca Еуропаға уәде еткен дозаны жеткізбегендіктен екпе салдырту науқаны бәсең. Бүгінге дейін Еуропалық Одақ халқының 4 пайызы, яғни, 18 млн еуропалық қана екпенің екі дозасын салдыртқан. Дені-дәрігерлер мен 70-тен асқан қариялар. Еуропалық комиссия сәуірден бастап вакцина мәселесі толықтай шешіледі деп отыр. Мұғалімдер, басқа да мамандық иелері сәуір, мамыр айларында екпе салдыртудан үмітті. 

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу