Екібастұзды дамытудың жаңа стратегиясы жарияланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұзды дамытудың жаңа стратегиясы жарияланады

04.03.2021

Екібастұз қаласында дайын өнім шығаратын шағын кәсіпкерлікті дамытуға ерекше қолдау көрсетілуде. Орта және шағын бизнесті өркендету - кеншілер мен энергетиктер шаһарын дамытудың жаңа стратегиясының негізгі бағыты. Яғни, Кеңес заманында бүкіл Одақтың энергетикалық орталығы ретінде саналған қала Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсанында өзгеше бағытта дамитын болады. 

Жуырда ғана Екібастұзды дамытудың жаңа стратегиясы жария етіледі. Басты пәрмені шағын және орта бизнесті дамыту. Қазірдің өзінде шағын индустриалды аймақ құрылып, дайын өнім шығаратын 12 кәсіпкерге орын берілді. 

Эльдар Беков, кәсіпкер:
Біздің жұмысымызға қажетті ғимарат бергеннен кейін бірден іске кірістік. Терезеге қорғаныш ретінде қоятын сым темірден тор жасаймыз. Бизнес «Бастау» бағдарламасы бойынша тегін оқытты, енді грант бергелі жатыр. Ол қаржыға станоктар аламыз.

Мария Қазанбаева «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келіп, Екібастұздан үй алды. 4 баласы бар. 17 жыл аяқ киім жөндеу шеберханасында істеген келіншек жақында өз кәсібін ашты. Спорттық және театр әртістеріне арналған аяқ киім тігеді. 

Мария Қазанбаева, кәсіпкер:
«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант алдық.Енді аяқ киімнің 50 түрін тіге алатын мүмкіндігіміз бар. Әттең елімізде аяқ киім шығаратын мамандар даярлайтын оқу орны жоқ. Оларды өзіміз үйретіп жатырмыз. Карантиндік шектеулерге қармастан өнімімізге сұраныс күшті. 

Жаңа жұмыс орнын ашатын және жасайтын өніміне сұраныс бар кәсіпкерлерге ғана шағын индустриалды аймақтан орын берілген. Қазір бұнда 100 ге тарта адам еңбек етіп жатыр

Айбек Тұрсынғалиев, кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы: 
Ең басты жеңілдік ол аренда төлемінен босату. Коммуналдық төлемді төлеп отырады. Айына 3-5 мың арасында төлем шығады.
Болат Аманбаев, тілші:
Орта және шағын бизнесті дамыту - Екібастұз секілді моноқаланы шикізатқа тәуелділіктен құтқармақ. Сондықтан биыл кәсіпкерлік нысандарын қаржымен қамтамасыз ету ресурстары ұлғайтылды. Әсіресе кәсібін енді бастап жатқандарға мемлекеттік бағдарламалардың игілігі мол. Демек, қара жердің қыртысын аударып қарекет қылған кеншілер мен энергетиктер үшін енді кәсіпкерлік салада да әрекет етуге жағдай бар. 

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу