Экономикалық мәселелер жөнінде жиын өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экономикалық мәселелер жөнінде жиын өтті

15.10.2019

Қазақстан экономикасын әртараптандырып, өсімін қамтамасыз ететін негізгі құрал орта бизнес болуы тиіс. Ақордада жиналыс өткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке осындай тапсырма жүктеді. «Индустрияландыру бағдарламасы өндірістік өнеркәсіп пен өңдеу саласындағы құлдырауды тоқтатып, жаңа өнімдерді шығаруға сеп болды»,- деді Президент. Алайда экономикада түбегейлі өрлеу болмады. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкімет мүшелеріне еліміздің макро-экономикалық, қаржылық және әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ететін кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылға дейін шикізаттық емес экспорт көлемін 1,5, ал 2025 жылға дейін 2 есеге арттыру керек екенін мәлімдеді. Әрі Президент өңірлік деңгейде технологиялық дамыған ең аз дегенде 3-5 сала қалыптастыру қажеттігін айтты. Жиналыста ақшалай-несиелік саясаттың стратегиясы мен бірыңғай баспаналық жүйе құру және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелері де сөз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Алдымызда тұрған мақсат — еліміздің экономикасына қосымша серпін беру. Дүние жүзіндегі ахуал баршаңызға мәлім. Әлемдік экономиканың болашағы бұлыңғыр. Айналамыздағы жағдай да өте күрделі. Дегенмен біздің бір жерде тұрып қалуға қақымыз жоқ. Бұдан әрі дамуымыз керек. Бүгінгі таңда ең қажет нәрсе – жаңа идеялар, жаңа көзқарастар, жаңа болмыс. Сондықтан бәріміз ойымызды ортаға салып, бұл тақырыпты, яғни, еліміздің дамытудың жолдарын талқылауымыз қажет.

Альбина ӘШІМ


Хабарламаларға жазылу