Еліміздің солтүстігінде күн суытып, жолдар жабылып жатса, оңтүстіктегі шаруалар егістіктен алғашқы өнімдерін жинауда. Қазір өңірде 25 градус жылы. Түркістан облысындағы Келес, Сарыағаш пен Жетісай аудандарының егістік алқаптарында қырыққабат пісті. Былтыр карантиннің кесірінен шығынға шаш етектен батқан диқандар биыл ес жинап, дайын өнімін саудалауға кіріскен.
Соңғы он жыл бойы қырыққабат өсіріп келе жатқан Алпамыс батыр ауылының тұрғындары биылғы өнімді ерте жинады. Түсім мол. Десе де өткен жылы қырыққабатты өткізе алмай, біраз шығынға батқан шаруалар биыл егістік көлемін 3 мың 200 гектарға кеміткен.
Алуа Балышева, шаруа:
Ерте көктемдігіміз жерде қалды. Күзгісін еккенбіз. Диқаншылығымыз күзгісі болмады. Карантинге байланысты. Енді көктемгіні өткізіп жатырмыз. Қазірдің өзінде 40 теңгеден сатып жатырмыз.
Биыл өңірде ерте пісетін орамжапырақ 6 мың 800 гектарға егілген. 162 мың тонна өнім алу жоспарланған. Дегенмен шаруалар көкөністің бұл түріне басқа дақылдар сияқты мемлекеттен көмек болса дейді.
Серік Бекболатов, шаруа:
Былтыр 120 мың түп үш гектарға ектік. Содан барлық диқаншылығымыз орнында қалып кетті. Биыл да сол екі гектар, үш гектарға егудің әрекетін істеп жатырмыз. Үкімет жақтан кішкене бір көмек болса, субсидия жағынан көмек берсе жақсы болар еді.
Ал, өңірдің ауыл шаруашылығы мамандары өткен жылы шығынға батқан шаруаларға мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінгенін айтады. Бірақ ол қаражат тек күзде түсіп, басым бөлігі игерілмей қалған. Сондықтан жыл соңында Үкімет резервіне кері қайтаруға тура келген.
Әлібек Піләлов, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
Шығынға ұшыраған шаруаларға 1,6 млрд теңге қаржы сұратылған болатын. Қаржы күз айында бөлініп,ол жерде төрт шаруашылыққа несие берілді 0,01 пайызбен. Бөлінген қаржының 3,3 млн теңгесі тиісті шаруаларға таратылды.
Қырыққабаттың қазіргі нарықтаға бағасы келісіне 72 теңге. Кей өңірлерде тіпті 100-110 теңгеге саудалануда. Түркістандық шаруалар ішкі нарықтың 36 пайызын қамтамасыз етеді. Ал кейбір шаруашылықтар ел ішін қамтып қана қоймай, алыс жақын шетелдерге де саудалауда. Себебі биыл экспортқа өткен жылғыдай кедергі жоқ.
Айнұр Ақбаева