БЖЗҚ-дағы артық ақшаны алуға рұқсат етілгелі үй бағасы өсіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БЖЗҚ-дағы артық ақшаны алуға рұқсат етілгелі үй бағасы өсіп жатыр

12.02.2021

Азаматтар зейнетақы қорындағы қаржысына ипотекасын жауып, пәтер де ала бастады. Алайда, көпшілігі үй бағасының қымбаттап жатқанын айтуда. Тіпті, құрылыс компаниялары үстеме баға қосып жатыр,-деп шағымданды. 

Гүлбану 4 баланың анасы. Жолдасы екеуі қаржылық қиындықтарға байланысты үйін сатып, содан баспанасыз қалған. Алғашқы жарна жинай алмағасын, көп уақыт пәтер жалдап жүрген. Бірақ, зейнетақы жинағын пайдаланудың арқасында үш бөлмелі үйге ие болды.

Гүлбану Бұғабаева, Ақтау қаласының тұрғыны:
Жолдасымның жинақ қорында 19 млн жиналған. Соның 15 млн-на өтініш беріп, үш күннен кейін осы үйді аяқасты тауып, баспаналы болдым.

Елімізде 700 мыңдай адам осындай мүмкіндікке ие. Алайда, олардың көбі баспана бағасының шарықтап кеткеніне шағымданып отыр. Тіпті, кейбір құрылыс компаниялары осыны пайдаланып, қулыққа басып жатыр,-дейді.

Бұл бойынша аталған компанияға хат жібердік. Алайда, бүгін жауап берген жоқ. Ал, сарапшылардың сөзінше, осы бағдарлама басталғалы жаңа үйлердің бағасы 15-20 пайызға өскен.

 Мақсат Халық, экономист: 
Оған енді негізгі себеп, бұл құрылыс компанияларының алдын ала жасаған жарнама жұмыстары әсер етті деген негіз бар. Өйткені, дәл қазіргі уақытта үйді алып қалмасаңдар олардың бағасы тіпті қымбаттап кетеді, нарықта тапшылық болады деген жарнамалар әсер етті. Бірақ, көптеген азаматтар зейнетақы қорынан ақшаны дәл осы жаңа үйлерді сатып алуға жұмсамаса, онда үй бағасы көктемнің соңына қарай реттеліп, біраз түседі деп айтуға негіз бар.  

Дегенмен, осы мүмкіндікті пайдаланып, үй алуға тырысып жатқан көпшілік мұндай болжамға сенбейді. Ал, Мемлекет басшысы үй бағасын нарық реттесе де, аталған бағдарлама тиімді жүзеге асуы үшін баспана құнын қадағалауды тапсырған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
-Жылжымайтын мүлік нарығында бағаны ұстап тұру үшін қажетті шаралар қабылдау керек. Қазір үй бағасы өсіп жатқаны туралы барлық жерде жазылып жатыр. Сондықтан, мемлекеттік органдар халық пен құрылыс компанияларына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нарықтағы алыпсатар операцияларды тоқтатуы керек.
Аманкелді Сейтхан, тілші: 
Президент Үкіметке тұрғын үй саясатын жетілдіру бойынша екі апта ішінде жаңа ұсыныстар пакетін әзірлеуді де тапсырған. Екі апта өтті. Бірақ, мамандар бұл өте күрделі мәселе, сондықтан, шешу жолдары әлі қарастырылып жатқанын ғана айтты. Ал, баспана бағасы күн сайын құбылып тұр.

Аманкелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу