Талғар ауруханасында ақылы қызмет көрсетілмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талғар ауруханасында ақылы қызмет көрсетілмейді

29.01.2021

3 ай бұрын сенімгерлік басқаруға өткен Алматы облысы Талғар ауруханасында ақылы қызмет көрсетіле бастады. Жуырда Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова әлеуметтік желідегі парақшасында осылай деп жазба қалдырды. Бірақ мекемені сенімгерлік басқаруға алған компания өкілдері бұл жалған мәлімет дейді. Керісінше, тұрғындарға ыңғайлы әрі тегін қызмет көрсетіп, сапаны арттыруды басты мақсат еткен. Сондай-ақ олар қағазбастылықтан арылуды көздеп отыр. Соңғы жылдары аурухананың ахуалы нашарлап, миллиондап қарызға батқан. Ал сенімгерлік басқаруға өткеннен кейін берешек 6 есе азайған.

Марлан Нұрмұханбетов, компанияның бөлім басшысы:
Ешқандай ақылы қызмет көрсетілмейді. Халық бізге дейін өз қызметтерін қалай алды, тура солай сол қалпында қалады. 

Ауруханадағы медициналық құрылғылардың 30 пайызы жаңартылып, 15 жедел-жәрдем көлігі мен бір реанимобиль сатып алынған. Сондай-ақ дәрігерлердің біліктілігін арттыру курстары өтіп, олардың жалақысы 25 пайыздан 40 пайызға дейін көбейген. Бұдан бөлек, елді мекендердегі амбулаториялар мен бірнеше жыл жөндеу көрмеген бөлімшелер қалпына келтіріліп жатыр. 

Нұрхан Нұрланұлы




Хабарламаларға жазылу