Шыңылтыр аяз бен ұйытқыған боран Алматы облысының құтқарушыларын біраз әбігерге салды. Нақтырақ айтқанда, Үшарал-Достық тас жолында қалған жүк көліктерінің жүргізушілерін құтқарып, қауіпсіз жерге жеткізді. Дәл осы күре жолдың Ырғайты учаскесінде желдің жылдамдығы секундына 25-30 метрге барады. Сол себепті тоқтап қалған көлікті санаулы сәттерде қалыңдығы 2-3 метр қар басып қалған.
Достық станциясынан 3-ші қаңтарда шыққан жүк көліктері діттеген жеріне жетпей, қауіпті деген Ырғайты учаскесінде қалып қойған. Ұялы байланыс арқылы көмек сұраған жүргізушілер әуел баста көліктерін қалдырып кетуге келіспеген. Артынша дизель отыны қатып, аяз бен боран күшейгенде эвакуациялауды сұраған. Бұл кезде желдің жылдамдығы секундына 30 метрге жетіп, жол мүлдем көрінбей қалған. Құтқарушылар ауыр техника көмегімен сағатына бір шақырым жүріп, тек бүгін таңғы жетілер шамасында қардағы көліктерге әрең жеткен.
Көлік жүргізуші:-Жігіттер барлық күшін салып бізді құтқарды. Көп рахмет. Мына бораннан түк көрінбейді. Біздің бар үмітіміз құтқарушылар болды. Жылынып, күш жинап, қайта жолға шығамыз.
Дәл осы күні Достық станциясының өрт сөндірушілері де Мақаншы -Достық автожолында қалған екі жүк көлігін қар құрсауынан шығаруға көмектесті. Сондай-ақ Қаратал ауданында жол талғамайтын көлік қарда қалып, құтқарушылар бес адамды қауіпсіз жерге шығарған.
Қуаныш Қанатұлы