Елордада корпоративтік кештерді өткізуге тыйым салынды. Бүгін ел алдында есеп берген қала басшысы Алтай Көлгінов көпшілікті санитарлық талаптарды сақтауға шақырды. Сондай-ақ мереке жақындағанда бас қаладағы супермаркеттер мен гипермаркеттер күні-түні жұмыс істеуі мүмкін. Себебі, мереке қарсаңында қарбалас көбейеді. Егер шаһардағы эпидахуал тұрақты болса, локдаун енгізілмейді. Қазір шаһарда ПТР тестілеу өткізетін 17 зертхана бар. Күніне 11 мың адамның анализін небәрі 4 сағатта анықтай алады. Дәрінің екі айлық қоры бар.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:- Корпоратив өткізбеңіздер. Мен барлық ұйымды осыған шақырамын. Себебі, санитар дәрігерлер бұған рұқсат берген жоқ. Әрине, мейрамханалар бір-екі айыппұлдан қиналмауы мүмкін. Бірақ жақындарыңызды, үйдегі үлкендерді ойлаңыздар. Көрші елдердегі жағдайды көріп отырсыздар.
Ақтөбеде базарлар мен ірі саудаүйлеріне демалыс күндері де жұмыс істеуге рұқсат берілді. Дегенмен, алда келе жатқан Жаңа жыл қарсаңында мерекелік кештер мен ертеңгіліктер өткізуге шектеу қойылды. Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысы 11-інші желтоқсаннан бастап күшіне енеді.
Раушан Сайлауқызы