Таулы Қарабақтағы жағдайды бейбіт бітімгерлер бақылайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таулы Қарабақтағы жағдайды бейбіт бітімгерлер бақылайды

11.11.2020

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Таулы Қарабаққа қатысты мәлімдеме жасады. Министрліктің ресми сайтында Әзірбайжан, Армения және Ресей Қарабақ аймағындағы атысты және барлық әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы мәлімдемесін жоғары бағалайтындығы туралы жазылған. Жалпы осы келісімнен кейін аталған мемлекеттердің әрекеттері мен өңірдегі жағдай туралы Жансая Қапасқызының сюжетінде.

Үш ел арасында жасалған келісімнен соң, Ресей Таулы Қарабаққа бейбіт бітімгерлерді жіберіп жатыр. Мәскеу өзінің әскери базасы орналасқан Армениядағы Эребуни әуежайына 20 ұшақ, жеке құрамдағы 400 адам жөнелтті. Әрі қарай олар Қарабақтың елді мекендерінде күзет жүргізетін болады. Бұл миссияны Түркия да атқаруға құлықты. Сондықтан бүгін Кремль мен Анкара аталған операцияны бірлесе жүргізу жөнінде келісім жасасты.

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия президенті: 
-Түркия Ресеймен бірлесіп өңірде келісімнің сақталуын қадағалайды. Бүгін сәйкес құжатқа қол қойылды. Азат етілген Әзірбайжан аумағында арнайы орталық құрылады. Осылайша, Таулы Қарабақ пен Әзірбайжан жеріндегі 28 жылға созылған оккупация ресми түрде аяқталды.

Сонымен қатар, Түрік басшысы Әзірбайжан мен Нахчыван автономды ауданын байланыстыратын жол салынатынын айтты. Ханкенді мен Арменияның да арасын жалғайтын көлік дәлізі ашылмақ. Ол арқылы қанды қырғыннан бас сауғалап қашуға мәжбүр болған халық үйлеріне оралатын болады. Оған Біріккен Ұлттар ұйымының Жоғарғы комиссары басшылық етеді. Ал үш жақты келісімнің Қазақстан үшін де маңызы зор.

Амангелді Құрмет, журналист:
-Жалпы Оңтүстік Кавказда белгілі мөлшерде Қазақстанның экономикалық мүддесі де бар екенін ескеру керек. Біздің транзиттік әлеуетімізді арттыруға ықпал ететін көлік дәліздері сонда орналасқан. Олардың қауіпсіздігі біз үшін маңызды еді.

Бейбіт келісімге бірі разы, бірі наразы. Армения халқы кешелі бері ымыраға көңілі толмай, жаппай шерулетіп жатыр. Демонстранттар үкімет үйі алдына жиналып, премьер-министр Никол Пашинянды «сатқын» деп, оның отставкаға кетуін талап етіп отыр. Еревандағы толқулар барысында 130-дай адам тұтқындалды. Олардың ішінде оппозициялық партия өкілдері де бар. Осыдан кейін, үкімет және парламент ғимараттарын қауіпсіздік күштері бақылауға алды. 

Жансая Қапасқызы 

Таулы Қарабақ бейбіт бітімгер

Хабарламаларға жазылу