Франция мен Германияда карантин жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Франция мен Германияда карантин жарияланды

29.10.2020

Коронавирус эпидемиясының екінші толқынын тежеу үшін Франция мен Германия карантинге қайта оралды. Президент Эмманюэль Макрон мұны сәрсенбі күні телевизиялық үндеуінде хабарлады. 

Жұма күні күшіне енетін 4 апталық шектеулерге сәйкес, тұрғындар дүкенге немесе дәрігерге бару қажет болғанда, спортпен айналысарда ғана үйден шыға алады. Ал жұмысқа онлайн режимі қолайсыздық еткенде баруға рұқсат. Дегенмен мектептер жабылмайды. Францияда өткен аптада 100 мың адамға шаққанда 240-тан астам жұқтыру оқиғасы тіркелді. Бір сейсенбінің өзінде коронавирус 33417 адамнан табылып, 523-і қайтыс болған. 

Германия канцлері Ангела Меркель 16 аймақтың басшыларын дереу жартылай локдаунға шақырды. 2-30 қараша аралығында әрекет ететін карантинге сәйкес, Германияның қоғамдық орындарында жиналуға шектеу қойылып, барлар мен ресторандар, театрлар жабылады. Бірақ мектептер сабақты жалғастырып, сауда орындарының жұмыс уақыты қысқартылады.

Ковид жұқтыру оқиғалары Нидерландта, Испанияның көп бөлігінде, Чех Республикасында, Италияда да көбейіп келеді. 

Пандемия кесірінен Еуропа әуежайларында жолаушылар үш есеге азайып кеткен. Мемлекеттен қолдау болмаса, аймақта 200-дей авиациялық порт банкротқа ұшырауы мүмкін.

Арыстан Рысбек

еуропа коронавирус статистика франция

Хабарламаларға жазылу