Түлкібастық бағбандар биыл алмадан рекордтық өнім жинамақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түлкібастық бағбандар биыл алмадан рекордтық өнім жинамақ

29.09.2020

Түркістан облысының Түлкібас ауданында алмадан биыл рекордты өнім жиналғалы тұр. Қазірдің өзінде қоймаларға 30 мың тоннадай жеміс жеткізілді. Бұл былтырғыдан 1,5 есе көп. Бау баптаған бағбан еңбегінің еселі болуына мемлекеттің қаржылай қолдауы мен биылғы ауа райының қолайлы болуы себеп. 

Гала, Фуджи, Голден делишес, Стар Кримсон, Легалина, Айдарет. Аумағы 230 гектар баққа алманың осындай 12 сорты егілген. Еуропа, Түркия және Польша елдерінен әкелінген алма көшеті жергілікті ауа райына тез бейімделіп, жылдам тамыр жайды. Аласа бойлы ағаштардан жергілікті алмаларға қарағанда 2-3 есе артық өнім жиналуда.

Бақыт Құрманбеков, шаруа:
Бізде шие түстес, ал қоңыр болып келеді. Және қаттылығы, қанттылығы, сақталуы, тауарлы түрі жоғары деңгейде болады. 

Түлкібас ауданында мемлекеттік бағдарламаның арқасында жеміс бақтарының аумағы он жылда мейілінше ұлғайды. Бос жатқан жерлер игеріліп, ескі бақтардың орнына жаңадан жеміс көшеті отырғызылды. Нәтижесінде жеміс бақтарының көлемі қазір 2 мың 600 гектарға жетті. Оның үштен бірі интенсивті тәсілмеген егілген. Енді жиналған өнімді сақтау және оны қайта өңдеу ісін жандандыруға күш салып жатыр.    

Төлепберген Абылаев, Түлкібас ауданы әкмідігі ауыл шаруашылығы бөлімінің секторы меңгерушісі:
Аудан көлемінде 8 мың 900 тонна болатын 6 қойма бар. Сол жерде сақталынады. Сонан соң еліміздің барлық өңірлерін, әсіресе солтүстік өңірлерге, Ресейге шығып жатыр. 

Түлкібас - кезінде алманың «Апорт» сортын өсірумен атты шыққан аймақ. Өйткені теңіз деңгейінен 900 метр биіктікте өсетін жемістің бұл түрі осы жерге тамырын терең жая алды. Қазір «Апорт» егілген бақтың көлемі 200 гектарға жетіп отыр. Енді 5-6 жылда жеміс беретін алма сорты Түлкібастың мақтанышы мен брендіне айналмақ. 

Ғани Қалмахан

Хабарламаларға жазылу