Өткен тəулікте Еуропаның бірнеше елінде эпидемия қайта күшейді. Солардың қатарында Франция, Испания бар. Парижде маска тағу міндетке айналып отыр. Ал, əлем бойынша коронавирус жұқтырғандар 24 миллионнан асып кетті. Мұндай пациенттер Азияда да азаймай отыр.
Еуропада Франциядан бастап, Хорватияға дейінгі аралықта эпидемия қайта өршіп келеді. Өткен тəулікте Францияда 5,5 мыңға жуық адамнан коронавирус табылды. Ел премьер-министрі Жан Кастекс мəлімдегендей, бұл – бір ай бұрынғы көрсеткіштен төрт есе жоғары. Сонымен қатар, 21 аудан «қызыл аймақ» деп жарияланған.
Италияда соңғы 24 сағатта 1370-тей адамға COVID-19 диагнозы қойылып, 13-і қайтыс болды.
Ал Испанияда осындай 3560-қа жуық науқас анықталды. Пандемия, əсіресе, ел астанасы Мадрид пен Андалусия аймағында күшейіп отыр.
Нативидад Рамис Гарсия, жедел жəрдем қызметінің басшысы:
- Шын мəнінде біз COVID-19 симптомдарының қайта көбейгенін көріп отырмыз. Адамдар денесі қалшылдап, тынысы тарылып, жөтелмен ауруханаға түсіп жатыр.
Өткен тəулікте халқының саны 4 миллионнан сəл асатын Хорватияда 358 адам коронавирус жұқтырған. «Бұл - шағын ел үшін рекорд», - дейді дəрігерлер.
Ал Оңтүстік Кореяда наурыздың соңына бері алғаш рет бір күнде 440-тан астам адамда COVID-19 расталды. Сондықтан мұнда мектептер мен бизнесті жабу мəселесі қайта көтеріліп, Азияның төртінші экономикасы үлкен зиян шегеді деген қауіп туындап отыр.
Үндістанда да рекорд жаңартылды. Соңғы тəулікте мұнда коронавирусты 76 мыңдай адам жұқтырып, COVID-19 пациенттерінің жалпы саны 3 миллионнан асып кетті. Жəне де бұл мемлекетте де пандемиядан бизнес орасан зиян шегіп жатыр.
Налини Бахл, Дели тұрғыны:
- Дүкендердің 50 пайызы жабық тұр. Қонақүйлер мен ресторандар да жұмысын тоқтатты. Өте өкінішті. Жағдай қиындап барады. Адамдар қалай күн көруі керек?.
АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, əлемде коронавирус жұқтырғандар 24 миллионнан асып, 825700 тұрғын жан тəсілім еткен. Осы науқастардың 12 миллион 600 мыңдайы – екі Америка континентінен болса, 4 миллионнан астамы – Еуропадан.
Арыстан Рысбек