Үндістанда коронавирус жұқтырғандар 24 миллионнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үндістанда коронавирус жұқтырғандар 24 миллионнан асты

14.05.2021

Үндістанда коронавирус жұқтырғандар 24 миллионнан асты. Пандемия басталғалы осы індеттен қайтыс болғандардың саны 262 мыңнан асты. Солардың төрт мыңдайы өткен тәулікте көз жұмды. Осыған қарамастан, елде вакциналау науқаны өте баяу жүріп жатыр. Бүгінге дейін екпе шығарудан әлемде алдыңғы қатарда тұрған Үндістанда 1 миллиард 350 миллиондай тұрғынның 2,8 пайызынына ғана вакцина салыныпты. Осы кемшілік үшін премьер-министр Нарендра Моди қазір үлкен сынға ұшырап отыр.

Ал АҚШ-та толық вакциналанған адамдарға маскасыз жүруге рұқсат берілді. Мұны президент Джо Байден Ақ үйдің жанында өткен брифингте мәлімдеді. Ол журналистердің алдына осы жолы бетпердесіз шықты. 

Джо Байден, АҚШ президенті:
Бірнеше сағат бұрын Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы енді толық вакциналанған адамдарға маска тағу керек емес деп кеңес берді. Бұл ұсыныс іште жүрсеңіз де, сыртта жүрсеңіз де орындалады. Менің ойымша, керемет оқиға. Және де ол америкалықтар қол жеткізген ерекше жетістік деп ойлаймын.

Ал, Грекия шетелдік туристер үшін өз шекарасын қайта ашып жатыр. Бірақ, елге ресейлік вакцинаның екі компонентін алғандар кіргізіледі. Оларда осыны растайтын және ағылшын тілінде жазылған сертификат болуы тиіс. Мұны гректің туризм министрі Харис Теохарис мәлімдеді. Сонымен қатар, оның сөзінше, екпе салдырмаған саяхатшыларда коронавирусқа негативті тест нәтижесі болуы қажеттігін де атап өтті.

Арыстан Рысбек 


үндістан ақш джо байден

Хабарламаларға жазылу