Мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы қандай?

26.08.2020

Елордадағы кейбір мектептерде бастауыш сыныптар үшін оқу басталып кетті. Мəселен, «Спектрум» халықаралық мектебінде 5-сыныпқа дейінгі кезекші топтарға оқушылардың 60 пайызы барып жүр. Қалғандары қашықтан білім алады. Жалпы, жаңа оқу жылындағы өзгерістерге қаладағы білім ордалары қаншалықты дайын?

Əдетте балаларын мектеп табалдырыға дейін шығарып салатын ата-аналар бүгінде олармен білім ордасының кіреберісінде қоштасуға мəжбүр. Ішке кіруге рұқсат жоқ. Биылғы талап сондай. Күнде таңертең балалардың дене қызуы тексеріліп отырады.

Əр топта 15 баладан ғана оқиды, парталардың арасы алшақ, дəліз ара қашықтық белгілеріне толы. Ал асхана жұмыс істемейді. Сабақ біткен соң, кабинеттер міндетті түрде дезинфекцияланады.

Артур Болатбекұлы, «Spectrum» халықаралық мектебінің академиялық басшысы:

- Біз министрліктің талабы бойынша жарты күн оқытып жатырмыз. Бір мұғалім ғана сабақ береді. Қалған мұғалімдер түстен кейін онлайн сабақ беріп жатыр. 

Мектепке барғысы келетіндер көп. Мəселен, қаладағы 76- лицейде 35 кезекші топ құрылған. Сабақ аптасына 3 рет, күніне 3 сағаттан өтеді. Ұзақтығы - жарты сағат.

Сапура Төлекова, Ə.Бөкейханов атындағы №76 мектеп-лицейінің директоры:

-Мектепке кіргізіп алуда, шығаруда əртүрлі есіктер қарастырылды. Өйткені үздіксіз қабылдау жүреді. Оқушылар 15 минуттық аралықпен қабылданады. Яғни, таңертең 1-сыныптың 15 баласын қабылдау басталса, келесі сыныпты 15 минуттан кейін қабылдаймыз.

Бұл мекемеде де дезинфекциялық туннель, арақашықтық сақтау үшін арнайы белгілер, залалсыздандырғыш құралдар орнатылған.

Фариза Мұсақызы, тілші:

- Мектептегі медициналық кабинеттің жанынан арнайы оқшаулау бөлмесі де ашылды. Сабақ барысында оқушы немесе мұғалім өзін жайсыз сезініп, дене қызуы көтерілсе, осында келіп, медициналық қызметкердің келуін күтеді.

Жалпы, қала бойынша бастауыш сыныптарда оқитын 82 мыңнан астам оқушы бар. Биыл оның 50%-ы кезекші сыныпта білім алуға өтініш білдірген.

Фариза Мұсақызы

Хабарламаларға жазылу