Еліміздегі табиғаты тұмса тағы бір көрікті жерге қауіп төніп тұр. Ақмола облысы Ерейментау ауданындағы Бестөбе шатқалы қоқысқа толып барады. Экология министрлігі осылай дабыл қағып отыр. Мамандармен бірге біздің тілшіміз де сол төбеге барып, демалушылардың тәртібін көріп келді.
Аманкелді Сейтхан, тілші: Елордадан небары 200 шақырым жердегі Бестөбе шатқалы туралы бұрын көп ести бермеуші едік. Бірақ, биыл танымал туристік орындардың жабылуына байланысты мұнда да демалушылардың қарасы көбейген. Ал, алаңдатарлығы алыстан, жақыннан келіп жатқан азаматтар табиғаттың тазалығын қаншалықты сақтап отыр .
Шатқалдың етегінде бірнеше жағалау бар. Бүгінде соның бірі де бос емес. «Суға түсуге болмайды» деген белгі тұрса да, алаңсыз шомылып жүргендер жетеді. Ал, тәртіпті бұзғандар, тазалыққа мән бере ме? Алайда, мына көріністер керісінше. Төңірек түгел қоқыс. Арасында, тіпті, сол күйі жатқан тамақтың қалдықтары да бар.
Сәуле Сұлтанова, Сілеті ауылының әкімі:
Алдыңғы күні екі камаз қоқыс шығардық. Өзіміздің жерімізге дұрыс қарап, дұрыс пайдаланбасақ бір жылдың ішінде демалуға да келе алмай қаламыз.