Қазақстанның әскери дәрігерлері Ливанға аттанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның әскери дәрігерлері Ливанға аттанды

09.08.2020

Қазақстанның әскери дәрігерлері зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін Ливанға аттанды. Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министріне Бейрут халқына медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру міндетін жүктеген. Тапсырмаға сәйкес, Қазақстан Қарулы күштерінің жеке құрамынан 29 медицина маманы мен 4 аудармашыдан құралған топ Нұр-Сұлтан – Ақтау бағыты бойынша сапарға шықты. Бүгін таңертең әскери транспорттық авиация ұшағы Ақтау – Бейрут рейсімен ұшып кетті.

Естеріңізге салайық, Бейруттағы алапат жарылыстан 150-ден астам адам қаза тауып, 5000-ға жуық тұрғын жараланған. Аурухана лық толы болғандықтан науқастар тиісті деңгейде ем ала алмай жатыр. Сол себептен, хирург, травматолог, нейрохирург, анестезиолог-реаниматолог, сондай-ақ хирургиялық бейінді орта медициналық мамандардан құралған бір топ қазақстандық жапа шеккен тұрғындарға көмек көрсетпек.


Хабарламаларға жазылу