Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 2 миллион 600 мыңнан асып, 184 мыңға жуығы қайтыс болды. Америка Құрама Штаттары қауіпті инфекцияның тарауы жағынан жер жүзінде бірінші орынға шықты. Мұнда Covid-19 вирусынан 47500-ден астам тұрғын жан тәсілім етіп, емі жоқ ауру 842 мыңдай америкалықтан табылған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, эпидемия қарқыны Батыс Еуропада тұрақталып немесе төмендей бастаса, Африкада, Орталық және Оңтүстік Америкада, Шығыс Еуропада ол алаңдатарлық деңгейде қарқын алып келеді. Және де көптеген мемлекеттерде коронавирус енді ғаша өрши түскен. Сондықтан бұл індет адамзатпен әлі ұзақ уақыт бірге болуы мүмкін.
Италия, Испания және бірқатар мемлекеттер карантинді жеңілдетуге кіріссе, Германия канцлері Ангела Меркель өз елінің коронавирус пандемиясының басында тұрғанын атап өтті. Сонымен қатар, ол федералдық және аймақтық үкімет кейбір дүкендерді қайта ашуға рұқсат бергеннен әлеуметтік алшақтану ережелерін орындамайтындардың көбейгеніне алаңдайтынын білдірді.
Айта кетсек, Германияда коронавирус жұқтырғандар 148 мыңнан асса, одан қайтыс болғандар 5100-ге жақындап отыр.
Арыстан РЫСБЕК