Сауд Арабиясында король әулетінің 150 мүшесі коронавирус жұқтырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сауд Арабиясында король әулетінің 150 мүшесі коронавирус жұқтырған

10.04.2020

Бүгін әлемде коронавирус құрбандарының саны 100 мыңға жақындап қалды.  АҚШ-та коронавируста 16 400-дей адам қайтыс болды. Ал одан ел экономикасына келген шығын шаш-етектен. Соңғы үш аптада 16,8 миллион америкалық жұмыссыздыққа байланысты үкіметтен қаржылай көмек сұраған. Және де апта сайын мұнда 6 миллиондай адам жұмыстан айрылғандарын хабарлап отыр. Олардың саны сәуірде 20 миллионға жетуі мүмкін. 

Жан сақтау бөлімінде үш күн жатқан британ премьер-министрі Борис Джонсонның жағдайы жақсарып, бүгін кәдімгі палатаға ауыстырылды.

Ал, әлемнің коронавирусты жеңген ең жасамыс тұрғыны – Нидерланды азаматшасы 107 жастағы Корнелии Рас. Оның жастардың да өмірін жалмап жатқан дерттен айығып кетуі дүние жұртын таң қалдырды.

Испанияға тоқталсақ, өткен тәулікте мұнда коронавирустан 605 адам қайтыс болды. Бұл – наурыздың 24-нен бергі ең төменгі көрсеткіш.

«Нью-Йорк Таймс» газетінің хабарлауынша, Сауд Арабиясындағы король әулетінің 150 мүшесі коронавирус жұқтырып, элиталық госпитальде емделіп жатыр. Айта кетсек, әс-Саудтар монархиясында мыңдаған принц бар. Олар Еуропаға жиі сапарлап тұрады. Саудия денсаулық сақтау министрлігінің болжамынша, алдағы апталарда бұл мемлекетте Covid-19-ға шалдыққандар саны 200 мыңға жетуі мүмкін.

Иранда өткен тәулікте коронавирустан 122 адам қайтыс болып, құрбандардың жалпы саны 4 232-ге жетті.  Ал Оңтүстік Кореяда коронавирустан жазылып кеткен 91 адамнан бүгін коронавирус қайта табылды. Олардың ауруы қайта қозған, бірақ, екінші рет біреуден жұқтырмаған.  

Арыстан РЫСБЕК 


Хабарламаларға жазылу