Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Гарвардқа оқуға түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Гарвардқа оқуға түсті

02.04.2020
Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Гарвардқа оқуға түсті

Зияткер сондай-ақ Ричмонд университеті мен Дартмут колледжінен және Кореяның алдыңғы қатарлы ғылыми зерттеу және технология университетінен шақырту алып отыр, деп хабарлайды білім ордасының баспасөз қызметі.

ЖОО-ға түсу туралы өтінімдерінде негізгі қызықтыратын салалары ретінде Сұлтанәлі математика мен кинотану өнерін атап көрсеткен. Түлек «European Mathematical Cup» кіші лигасының 2-орын (2016), математикадан өткен «Шексіз математика» Олимпиадасының күзгі халықаралық турының 1-орын (2016) және ағылшын тілінен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған республикалық олимпиаданың 2-орын иегері. Сондай-ақ, Сұлтанәлі мектептің драмалық үйірмесіне қатысып, мектеп киноклубының негізін қалаған. Үйірме тобымен бірге Францияда өткен «European Festival of Arts and Siences» фестивалінде өнер көрсеткен. Төрт жыл қатарынан француз тілін оқиды, соның арқасында Францияның оңтүстігінде орналасқан «Centre International de Valbonne» жазғы мектебіне жолдама алған.

«Математикадан және ағылшын тілінен халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерімін. Одан бөлек, кинематографияны қатты жақсы көремін. «Admission» атты қысқаметражды анимациялық фильм түсірдім. Оны мектептегі оқуымнан тыс айналысатын жұмысым ретінде көрсеткен болатынмын. Аздап шикі болғанына қарамастан, арманымдағы оқуға түсуге едәуір әсер етті деп ойлаймын», – дейді ол.

Айта кетейік, өткен жылы Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің екі бірдей түлегі Селимжан Чалышкан мен Ақназар Қажымұрат зияткерлер арасында алғаш рет Гарвард университетінің грант иегерлері атанған еді.

Хабарламаларға жазылу