Назарбаев Зияткерлік мектептерінің үздік мұғалімі анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің үздік мұғалімі анықталды

20.11.2015
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің үздік мұғалімі анықталды
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің үздік мұғалімі анықталды


Астана қаласында Назарбаев Зияткерлік мектептері бойынша жылдың үздік мұғалімі анықталды. Үздік мұғалім атану үшін Қазақстанның әр аймағынан 18 адам додаға түсті. Олардың ішінде математика, тарих, биология, физика, информатика, қазақ тілі пәндерінің ұстаздары бар. Әр қатысушы мектепішілік іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, өз аймағының үздігі атанған. Бұл туралы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДБҰ баспасөз қызметі хабарлады.

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің үздік мұғалімі анықталды

«Жылдың үздік мұғалімі – 2015» байқауы 4 кезеңнен тұрды. Онда қатысушылар өздерінің зияткерлік, шығармашылық қабілеттерін, ақпараттық-коммуникациялық құзіреттіліктерін көрсету керек болды. Жарыстың бірінші күні, 19 қарашада ашық сабақтар өткізілсе, екінші күні 20 қарашада ақтық кезең өтіп, жеңімпаздар марапатталды.

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің үздік мұғалімі анықталды

Аталмыш бәсекенің басты мақсаты зияткерлік мектептердің дарынды ұстаздарын және үздік педагогикалық тәжірибені анықтау, мұғалімнің жеке дамуын ынталандыру, оқытуда инновациялық тәжірибелерді пайдалануды қолдау, Зияткерлік мектептердің үздік ұстаздарына құрмет көрсету болып табылады.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жиын залында өтті. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай және бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды. Қазылар алқасы қатысушылардың кәсіби шеберлігіне, жеке қасиеттері мен өзіндік мәнеріне, педагогикалық қызметтің тиімділігіне баса назар аударды.

Байқау қорытындысы бойынша, Бас жүлде Ақтөбе қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі Самат Шариповке бұйырды. Ал бірінші орынды Петропавл қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі Лариса Овчинникова қанжығасына байлады. Екінші орынды Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің информатика пәнінің оқытушысы Серік Мұқанов иеленді. Ал Талдықорған қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің информатика пәнінің ұстазы Ерали Бижанов жүлделі үшінші орынды қанағат тұтты.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы төрайымының орынбасары Светлана Испусинованың айтуынша, барлық қатысушы ұстаздар өздерінің кәсіби біліктіліктері мен ізденуге деген құштарлықтарын көрсете білді.

Айта кетейік, осымен үшінші рет өткізіліп отырған бұл байқау екі жылда бір рет қана ұйымдастырылады.

Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу