Қазақ жастары өз күшімен шетелде тегін оқып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ жастары өз күшімен шетелде тегін оқып жүр

22.12.2022

Мұқит асып оқып жүр, талай қазақ баласы. Әңгіме болашақ бағдарламасынан бөлек өз білімімен тегін оқуға түскен жастар туралы. Бүгінде мемлекетке де, отбасына да салмақ салмай әлемнің белді университеттерінде мыңдаған қазақ студенттері оқып жүр. 

Қазақ-түрік лицейінің түлегі Дамира Нұрпейсова төрт тілде еркін сөйлейтін полиглот. Ағылшын тілі емтиханынан жоғары балл жинағаны және әлеуметтік белсенділігі үшін Филадельфиядағы Темпл университетінің грантын жеңіп алған. Осылайша Америкадағы үлгілі бизнес мектебі саналатын оқу орнында менеджмент саласы бойынша магистратурада оқып жатыр.

Ал Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Жібек - болашақ медиа менеджер. Бірнеше шетелдік оқу орынынан бакалаврда тегін оқуға шақырту алған. Солардың ішінен америкалық Дрексель университетін таңдапты. Әлі тіпті бірінші курсын аяқтап үлгермеген студент қазірдің өзінде үйренгенін бөлісуге құлшынып тұр.

Ата-анасына салмақ салмай, оқу ақысы он мыңдаған доллар болатын университеттерді білімімен баураған жастар шетелде грант беретін жоғары оқу орындары аз емес дейді. Тек тіл меңгеріп, тиісті құжаттарды талапқа сай тапсырып, тәуекел ете білсе, тегін оқуға түсіп кету мүмкіндігі артпақ.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу