Салықтан жалтаратындар азаймай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Салықтан жалтаратындар азаймай тұр

13.11.2017

Алматының жергілікті бюджетіне биыл салықтық төлемдерден 275 млрд. 526 млн. теңге түскен. Өсу қарқыны былтырғыдан 109 процентке көп. «Дегенмен, табысын жасырып, салық төлеуден жалтаратындардың саны әлі де азаймай тұр», - дейді мамандар. Сондай-ақ, заңсыз жұмыс беріп, жалақыны еңбек шартынсыз қолма-қол төлейтіндер де жетерлік. Сондықтан, Мемлекеттік кірістер департаменті қазір құрылыс орындары мен базарларды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге көшті.

Мамандардың сөзінше, құрылыс нысандарында заңсыз түрде жұмыс істейтіндер азаяр емес. Яғни, уақытша жұмыс беруші компания көп жағдайда еңбек шартын түзуге құлықсыздық танытады. Сол арқылы олар біріншіден салықтан жалтарса, екіншіден, қарамағындағы жұмысшылар үшін ешқандай әлеуметтік төлем жасамайды.

Қасен Алдашев, бөлім бастығы:

- Бізде жұмысшылардың бәрі заңдастырылған. Қолма-қол ақшаға ешкімге берілмейді. Бәрі келісімшарт бойынша.

Жұмағазы Сәрсенбаев, құрылысшы:

- Барлығы келісімшарт бойынша заңды түрде. Айлық уақытында, жұмыс ойдағыдай, барлығы бірқалыпты.

Жалақының ресми түрде берілмеуі тек бюджеттік емес, әлеуметтік мәселе. Ал, алдағы жылдан бастап міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру заңы қолданысқа енетіндіктен, қазір бұл аса маңызды дүние. Өйткені, ол кезде әр адамның әлеуметтік статусы айқын болуы тиіс.

Еділ Әзімшайық, Әуезов аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгінгі күнге дейін 1700 тұлғаның жалақысы ресми түрде рәсімделіп, олардың 41 млн-ға жуық табысы қосымша көрсетілді. Одан бөлек, 3652-і жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Бұл он айдың көрсеткіші бойынша былтырғымен салыстырғанда 2, 2,5 есе көп.

Мемлекеттік кірістер департаменті қазір пәтерді жалға берушілерді де қатаң тексеріп, кәсібін заңдастыру керегін түсіндіріп жатыр. Сондай-ақ, тұрғын емес үй-жайлардың иелеріне де хабарлама жіберіп, салық заңнамасын сақтауды ескертуде. Олар «Үлгі - 700» анықтамасы арқылы өз салықтарын есептеп, мүлік салығын уақытында төлеуге міндетті. Әйтпесе, мамандар есепшоттарын бұғаттайды.

Заңғар Шыңдәлі, қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің ресми өкілі:

- Алматы қаласында 18 мыңнан астам тұрғын емес үй-жайлар бар. Олар 12 мыңнан астам жеке тұлғаға тиесілі. Олардың 6 мыңнан астамы есептілік тапсырып, салық төлесе, 6103-і есептілік тапсырмаған.

Бұдан басқа, Алматыда көлік салығын төлеушілердің де белсенділігі төмен. Сондықтан, келесі айдан бастап бекеттерде бақылауды күшейтіп, қарызы бар жүргізушілердің көлігін айып тұрақтарына өткізбекші.

 

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу