Ұлыбританияда онлайн саудагерлер қадағаланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда онлайн саудагерлер қадағаланады

10.01.2024

Ұлыбритания билігі салықтан жалтарушыларды қадағалаудың жаңа түрін енгізді. Биылдан бастап, цифрлық платформалар онлайн саудамен айналысатындар немесе пәтерін жалға беретіндер туралы ақпаратты салық органдарына хабарлап отырулары тиіс. Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова тақырыпты жалғастырады.

 Ника Юсай сөмкелерді алып-сатумен айналысады. Ескі болса да дизайнерлік дорбаларға деген сұраныс өте жоғары. Тауарын әлеуметтік желілер арқылы жарнамалап, онлайн саудалайды.

Ника Юсай, саудагер:

Бұдан былай жылына 1000 фунттан артық табыс табатын болсам салық төлеуім керек екен. Әйтпесе, айыппұлға ілігемін.

Алып-сатарлар, такси, жеткізіп беру қызметін көрсететіндер, фрилансерлер, пәтерін жалға беретіндердің бәрі салық органдарының назарында болады. Кәсіпкерлер туралы онлайн платформалар ақпарат беріп отыруға міндетті.

Никос Марко, салық сарапшысы:

Салық төлеушілер заңды бұзса, жіті тексеріледі. Тіпті қылмыстық қудалауға ұшырауы мүмкін.

Мұндай өзгерістерге әлемдік экономикадағы жағдайлар себеп. Соңғы уақытта үйден жұмыс істеп, табыс табатындар, бірақ салықтан жалтаратындар көбейген.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу