Түркістан облысында ағын судың тапшылығынан 900 гектар жер игерілмей жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында ағын судың тапшылығынан 900 гектар жер игерілмей жатыр

14.02.2020

Түркістан облысы Келес ауданындағы 8 ауылдың диқандары ағын судың тапшылығынан көктемгі егіске кірісе алмай отыр. Жермен жан баққан жұрт биыл тіпті құрғақшылыққа тап боламыз ба деп қауіптенеді. Өйткені Шошым каналының 7-8 жылдан бері табаны тазартылмағандықтан арнасы әбден тарылып кеткен. Әу баста 1 мың 400 гектар алқапты суландыруы тиіс канал суы қазір оның үштен біріне әрең жетеді.

Көрші отырған 7-8 ауыл ала жаздай бір-бірімен қырғи қабақ. Бұлақ басында су үшін шекісіп қалатын кездері де болады. Егін еккен жұртта түні бойы ұйқы болмайды.

Ағын судың жетімсіздігінен қазір осы аумақтағы 900 гектар жер игерусіз жатыр. Егістік алқап жыл санып тарылып келеді.

Жергілікті жұрттың жанайқайынан соң облыс әкімі екі жаққа да тиімді шешім қабылдап, жылдам әрекет ету жайы тапсырған болатын. Одан бері екі аптадан астам уақыт өтті. Әкімдік әзірге бір біріне хат жазудан әрі аса алмай отыр.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу