Үржарда бір азамат бүтіндей бір ауылдың жастарын жұмыспен қамтып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үржарда бір азамат бүтіндей бір ауылдың жастарын жұмыспен қамтып отыр

16.01.2020

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында бүтіндей бір ауылға тірек болып отырған азаматтар бар. Бақытбек Мұсабаев 90 жылдары ауылдар тарап, халық қолындағы азын-аулақ малына қарап қалған қиын кезде көпке көмегін аямаған жанның бірі. Өз ауылының берекесін қашырмай, халықтың басын біріктірген. Қазір де ұйытқы болып, талай адамды жұмыспен қамтып отыр. 

Мұсабаев Бақытбекті Үржар өңірінде танымайтындар кемде-кем. Өйткені ел ағасы тәуелсіздік алған жылдардан бері шалғай жатқан елді мекеннен жұмыс таппай жамырай көшкен халыққа жағдай жасап, қамқор болған қарапайым жан. Ауылды таратпай ұстап, елді жұмыспен қамтыған. Бүгінде шаруашылығында қысы-жазы 40-тан астам адам еңбек етеді. Егін науқаны басталғанда жұмыс күші еселене түседі. Одан бөлек ауылдың талай ауыртпашылығы өзінің мойнында.  

Биыл екі бірдей отбасын мемлекеттік бағдарлама аясында оңтүстіктен көшіріп әкелген. Баспанасын беріп, жұмыспен қамтыған. Көтерме ақысын төлеп, алдына мал салып берген. 4 баланың анасы Ақмоншақ Мамбетова, Қызылордадан қоныс аударған. Бүгінде ел қатарлы еңбек етіп, бала-шағасын бағып отыр.

Алпысты алқымдаған ел ағасы қазір ауылда еңбек ету үшін жастарды көбірек тартуда. Жоспары көп. Табиғаты шұрайлы, жері құнарлы өлкенің өркендей түсуіне, әлі де тер төгуге дайын. 

Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу