Филиппинде алып жанартау атқылап, жергілікті жұрт пен туристерді әбден әбірге салып жатыр. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, табиғи апаттан зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ.
Тек әуежай уақытша жұмысын тоқтатқандықтан төрт отандасымыз елге қайта алмай қалған. Алматылық ерлі-зайыпты екі баласымен бірге Боракай аралында демалған. Сөйтіп бүгін елге оралуы керек еді. Бірақ Таль жанартауының атқылауына байланысты, жерлестеріміздің рейсі тоқтатылған. Сондықтан олар жергілікті жұртпен бірге қауіпсіз орынға көшірілген.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
Біздің мәліметке сәйкес, олар өздерінің әуе билеттерін ауыстырып, 15 қаңтарда басқа қалаға ұшып шығуды жоспарлап отыр. Өйткені қазір Манила әуежайы жабық тұр. Бірде-бір ұшақ ұшпайды.
Досжан МАРАТҰЛЫ