Ақтөбе облысында мектеп ұстаздарынан туберкулез дерті жиі анықталып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында мектеп ұстаздарынан туберкулез дерті жиі анықталып жатыр

13.01.2020

Ақтөбе облысындағы бүтін бір ауылдың тұрғындары жұқпалы аурудан үрейленіп отыр. Айтуларынша, Бесқоспа орта мектебінің ұстаздарынан туберкулез дерті жиі анықталып жатыр. Соңғы дерек өткен айдың ортасында ғана тіркелді. Бұл мәліметті білім беру саласының өкілдері жасырып қалуға тырысқан. Қазір санитарлар елді мекенді залалсыздандыруға кірісті.

Тұрғындардың бірі облыс басшылығына домалақ арыз жазғаннан кейін ауылдағы ахуал жалпыға жария болды. Хатта мектепте туберкулез жұқтырған 20 адам бар екені айтылған. Сондықтан жұрт денсаулықтары үшін алаңдаулы. Олар білім ордасының бізден жасырып отырғаны көп деп күмәнданады.

Қазір мектеп әдеттегідей жұмыс істеп жатыр. Кабинеттер түгел залалсыздандырылған. Білім ордасының басшылығы шағымданушының арызы негізсіз дейді, бірақ соңғы жылдары ауру меңдегенін де жасырмайды.

Бесқоспа ауылы мектебіндегі 98 оқушы түгелдей тексерістен өткізіледі. Дегенмен, бұл жұмыс ұзаққа созылып кететін түрі бар.

Себебі, ауданнан келетін жедел жәрдем көлігімен орталыққа бір мезетте 10-15 баланы ғана жеткізе алады. Ауыл медбикесі залалсыздандырудан бөлек, оқушылар мен үлкендер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтады.

Құрт ауруымен ауырған мұғалім жүкті болғандықтан өткен жылдың сәуір айынан бері тексерістен өтпеген. Қазір ем алып жатыр. Ауыл әкімінің сөзінше, соңғы бір жылда округ бойынша 6 адамнан туберкулез анықталған. Әзірге, облыстан келген арнайы комиссия оқушылардан бөлек, мұғалімдерді де жаппай тексеруде. Қорытындысы жуық арада белгілі болады.

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу