Қарағанды облысындағы Абай тоқтаған көк үйде мұражай ашылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысындағы Абай тоқтаған көк үйде мұражай ашылмақ

09.01.2020

Қарағанды облысының Қарқаралы қаласындағы Абай тоқтаған көк үйде келешекте мұражай ашу жоспарланып отыр. Ғимараттың оң қанатындағы қонақ бөлмеде Құнанбай қажы мен баласы Абай бірнеше мәрте мейман болған деседі. Қазір мұнда өлең-жырға жаны құмар жастар жиі бас қосады. Тарихи ғимаратты көруге аракідік туристер де келіп тұрады. Сондықтан ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында бұл бөлме мұражайға айналмақ. Жалпы көк шатырлы көне үй татар көпесі Халиолла Бекметовке тиесілі. Оны әкесі Хамит Қоянды жәрмеңкесіне Қазаннан тауар тасып жүргенде ұлына арнап салғызыпты. Халиолла 4 әйел алған, оның бірі қазақ және Тобықты руынан болған. Өлкетанушылар Құнанбайдың баласымен дәл осы үйге тоқтауының бір сыры осында екенін айтады. Осыдан екі ғасыр бұрын бірде-бір шегесіз, ағаштан өріліп салынған ғимараттың біраз бөлігі байларды кәмпескелеу кезінде өртеніп кеткен. Бірақ кейін қайтадан қалпына келтірілген. Үйдің жертөлесінде шаруашылыққа арналған бөлмелер орналасқан. Ал әр бөлмеде ерекше әсемделген голландық пештер әлі де бар. 

Хабарламаларға жазылу