Қарқаралы қаласында хакім Абай қонақ болып түскен үй сол қалпында сақталған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарқаралы қаласында хакім Абай қонақ болып түскен үй сол қалпында сақталған

22.01.2020

Қарағанды облысындағы Қарқаралы қаласында хакім Абай қонақ болып түскен үй бәз-баяғы қалпында сақталған. Бұған қоса, әкесі Құнанбай қажы салдырған ағаш мешіт те бар. Бүгінде бұл көк шатырлы көне үй мен мешітті көруге туристер көптеп келеді. Тіпті, Абай деп арнайы соғатын шетелдіктер де қаншама. Мерейтойға орай ұлы ақынның ізі қалған мекенде түрлі шаралар ұйымдастырылмақ.

Бұл үй мына суреттегі татар көпесі Халиолла Бекіметовке тиесілі. Әкесі Хамит 1830 жылы Қазаннан келіп екі ұлының бірі осы Халиоллаға арнап салғызған. Өлкеге атымтай жомарттығымен танымал көпеспен аға сұлтан Құнанбай дос болған. Абай мұнда алғаш рет 5 жасында әкесімен келген.

Екі ғасыр бұрын шегесіз ағаштан қиюластыра салынған ғимарат байларды кәмпескелеу кезінде өртеніп, маңайындағы нысандарды жалын құшқан. Үйдің жертөлесінде шаруашылық бөлімдері ораласқан. Әр бөлмеде ерекше әсемделген голландық пештері әлі бар.

ХХ ғасырдың бас кезінде бұл үйде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Ж. Ақбаевтар жиі болып, 1905 жылы осында патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы петиция жазған. Оған Қоянды жәрмеңкесіне келген 1400 адам қол қойып, телеграф арқылы жіберілген. Алашордашылармен араласқаны үшін үй иесінің ұрпақтары да кейін қудаланған.

Ал бұл 1850-51 жылдары Құнанбай қажы салдырған көне мешіт. Орыс шеберлері мен жергілікті балташыларға салдырған. Әуелі қалың бөренелерді тұзға әбден пісіріп, берік еткен,-дейді Әлиасқар Қапанұлы. 1929 жылы сол кездегі үкіметтің қаулысымен діндар адамдар қудаланып, діни ғимараттар күшпен тартып алынған.

Абай дәуірінен сыр шерткен қос ғимарат ел тәуелсіздік алғаннан кейін ғана мемлекеттік қорғауға алынып бүгінге жетіп отыр. Биыл Ұлы ойшылдың 175 жылдығына орай көк шатырлы үйдің бір бөлмесіне жәдігерлерді жинап музей ашу жоспарланған. Ал оны көруге келгендер Құнанбай қажы мешітіне соғып тәу ете алады.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу