33 жасында 11 баланың анасы атанып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

33 жасында 11 баланың анасы атанып отыр

19.12.2019

Ақтөбе облысының Мәртөк ауылында тұратын Гүлнұр Базарбайқызы 33 жасында 11 баланың анасы атанып отыр. Ол өзінің ұлынан бөлек ата-ана қамқорлығынсыз қалған 10 жеткіншекті бауырына басқан. Ең қызығы, балаларының барлығы өнерлі. Ольга есімді қызы күй тартудан республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып жүр. Ал ұлы Вячеславтың айтыс өнеріне деген қызығушылығы ерекше.

Ольга бірінші сыныптан бастап өнер мектебінде оқиды. Содан бері домбырасын қолынан тастамаған ол, өзі қатысып топ жарған байқаулардың санынан жаңылады. Аудандық мерекелік шаралар оның қатысуынсыз өткен емес.

Ал 9 сыныпта оқитын Славаның қызығушылығы тіпті ерекше.  Ол төрт жылдан бері айтыс үйірмесіне қатысады. Үлкен додаларға шықпағанымен, болашақта қазақтың төл өнерін шебер меңгеруге тырысатынын айтады.

Балалары шетінен өнерлі. Спортқа, әнге үйір. Үй шаруасына да епті.  Мектепте мұғалім болған Гүлнұр Базарбайқызы қазір осы балаларының тәрбиесімен айналысады. Кең жүректі ана ұлды да, қызды да мейіріміне бөлей отыра, еңбекке баулуды естен шығармаған. Өйткені күні ертең олардан еліне сыйлы азамат шығарына сенеді.

5 ұлттың баласы отбасы үлгісіндегі балалар үйінде тұрамыз демейді, барлығы дерлік «Анамыздың қасымызда болғаны  үшін бақыттымыз» деп біледі. Ал отанасының өзі қазақы тәрбие алған ұрпақтың ұлт үшін қызмет етеріне шүбә келтірмейді.

Жақсыбек КЕМАЛ

 

 

Хабарламаларға жазылу