Шетелдіктер Димаш туған елдің қандай екенін білгісі келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдіктер Димаш туған елдің қандай екенін білгісі келеді

11.12.2019

Расымен, Димаш жанкүйерлерінің саны артып, олар біріккен клубтар да күн санап көбейіп келеді. Олардың санының қанша екенін шындығында ешкім білмейді. Мысалы, бір Қытайдың өзінде мыңдаған фантоп бар. Көрші елде олар «Дауысымен әлемді жаулаған қазақ», «Шетелден келген кішкене аға», «Бинго» аттарымен танымал. Бұл орайда, әріптесім Фариза Мұсақызы Димаштың жанкүйерлерімен арагідік араласып тұрады. Жақында оған Италиялық өнерсүйер қауым бір өтінішпен хат жазыпты. Қызық жәйт, осы оқиғаны Фаризаның өзінен сұрап көрейік. Фариза, бұл қандай өтініш?

Фариза Мұсақызы,тілші:

Мен жазда елордада өткен Димаштың «Арнау» атты концерті бойынша бірнеше материал дайындап, алыс-жақын шетелдерден келген жанкүйерлермен сұқбаттасқан едім. Сол кезден бері өнерсүйер қауыммен жақсы байланыстамыз. Олар менің ұлттық арнада жұмыс істейтінімді білгендіктен бе, әйтеуір, арасында Еуропа, АҚШ-тағы фанаттармен хат алмасып тұрамыз. Солардың бірі — 72 жастағы италиялық Деанна атты кісі National Geographic Kazakhstan журналын сұратты. Бұл басылым негізінде қазақ тілінде таралады, бірақ, екі мәрте арнайы шығарылымын ағылшын тілінде басып шыққан. Бұл жерде Қазақстанның мәдениеті, көрікті жерлері туралы ақпарат ағылшын тілінде жазылған. Яғни шетелдіктер Димаш туған елдің қандай екенін білгісі келеді. Сол себепті осы журналды алып, оқуға асық. Журнал шектеулі көлемде шыққандықтан, маған хабарласып, оған қол жеткізуге көмектесуімді сұрады.

Оразалы Кәрімбаев, «National Geographic Kazakhstan» журналының атқарушы директоры: 

Бұның таралымы 2-3 мыңдай болды. Бәріне жетпей қалды, шектеулі болды. Қаншалықты қажеттілігі барын есептей алмадық. Негізгі журналдар Қазақстанның дипломатиялық миссиялары арқылы туристік шетелдік форумдарда таратылды. Қазақстанды Димаш арқылы біліп, танып жатыр. Қазақстанды көбірек білгісі келетін фанаттар бізге де редакцияға қоймай хабарласып жатады. Осы нөмірді сұрап жатады. Мүмкіндігімізше, архивтегі қалғандарын беріп отырамыз. Бірақ, шығарылымда да шектеу болады. Болашақта бұны жетілдіріп шығаруға болады. Сұранысқа қарай. Ойымызда бар.

Ендеше, бұл сіз бен біздің ортақ мүддеміз. Өз Отандасымызды қолдау өз қолымызда.  

Фариза МҰСАҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу