Димаштың жанкүйерлері қазақтың дәстүрімен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Димаштың жанкүйерлері қазақтың дәстүрімен танысты

24.09.2022

Кештен кейінгі кездесу.... Кешегі ғаламат концерттен соң, Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері тағы да жиналып, қазақ халқының дәстүрімен танысты. Әлемнің 70-ке тарта елінен келген шетелдік меймандар Алматы іргесіндегі этноауылда қонақта болды. Ұлттық ойын мен өнерді тамашалап, тағамдардан дәм татып, алған әсерлерімен бөлісті. Толығырақ тілші материалында.

Көкпар тартып, садақ ату, бәйге қызықтап, қыз қуу. Бүгін Димаштың 200-дей фанаты қазақтың ұлттық ойындарын тамашалады.

Беленг Караско, Димаштың жанкүйері (Испания):
Димаштың керемет Отаны бар екен. Қазақтың мәдениетімен танысудың өзі бір ғанибет. Осында ұсынылған шоу қатты ұнады. Жалпы, қазақстандықтардың қонақжайлығы керемет екен. Тұрғындар Испания халқы сияқты жылы жүзді көрінді.

Этноорталықта барлығы 16 киіз үй тігілген. Біріне ұлттық тағам, енді біріне әшекей бұйымдар қойылды. «Тіпті, осында қонғысы келген шетелдіктер де бар», - дейді орталық қызметкерлері.

Көнеден қалған дәстүрді ұлықтаған орталықта көшпенділерден қалған мұра - қолөнер де көрсетілді. Киіз басу, кілем тоқу, текемет жасау мен зергерлік өнерді тамашалау арқылы жанкүйерлер Димаш Құдайбергенді одан әрі жақсы көріп, оған біртабан жақындай түскенін жасырмады.

Тамара Кәпқызы, шебер:
Шетелдіктер қатты қызықтайды. Әсіресе, жүн сабағанға көп келеді. Текемет басқанда бірге басып көреді.

Өнерсүйер қауымға бауырсақ, қымыз, қуырдақ та ұсынылды. Ұлттық тағамдардың дәмі көңілдерінен шыққан сыңайлы.

Ксения Забонотикова, Димаштың жанкүйері (Ресей):
Мен Екатеринбургтен келдім. Біз мінген такси жүргізушілеріне дейін туристерге жанашырлық танытып, концерттің абыройлы өтуіне тілектес болғандары көрінді.

Этноауылға сапарлаған меймандардың көңіл-күйі көтеріңкі. Қазақ халқына деген құрметі ерекше екені көрініп тұр. Әлемді әнімен әлдилеген Димаш арқылы өнерде шекара жоқтығын тағы бір мәрте ұғындық.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу