Мажар ғалымдары Әбіш Кекілбаев жайлы естеліктерімен бөлісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мажар ғалымдары Әбіш Кекілбаев жайлы естеліктерімен бөлісті

06.12.2019

Бүгін Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың туған күні. Қаламгердің 80 жылдық мерейтойы тек республика көлемінде емес, әлемде де аталып өтіп жатыр. «Артына өшпес мұра қалдырған заңғар тұлға-халықаралық деңгейде ұлықтауға әбден лайық», -дейді Венгрия ғалымдары. Жазушының көзін көріп, кітаптарын шығаруға үлес қосқан мажарлар Әбіш Кекілбаев жайлы әдемі естеліктерімен бөлісті.

Мажар жұрты Әбіш Кекілбаевтың шығармасымен алғаш 1977 жылы танысты. Жазушының «Бәйгеторы» кітабының венгр тіліне шебер аударылуын қадағалап, алғысөзін жазған мажарстандық түркітанушы ғалым Иштван Қоңыр Мандоки еді. 21 жылдан соң ғалымның жолын жары жалғастырды. Оңғайша Мандоки қаламгердің «Аңыздың ақыры» романының мажарша шығуына ат салысқан.

«Әбіш Кекілбаев қазақ әдебиетіне ғана емес, әлем әдебиетінің қоржынына сөз жауһарынан олжа салған қаламгер», -дейді мажар ғалымдары. Олардың пайымынша, Ұлы әміршілер Шыңғыс пен Ақсақ Темірдің құдіреті мен дәрменсіздігін Кекілбаевтан артық суреттеген ешкім жоқ.

Әдебиет майданында кемел ой, көркем сөзімен ерекшеленген Әбіш Кекілбаев — рухани ұлы тұлға. «Абыздың парасатқа толы шығармаларын, шыңырау әлемін зерттеуді жалғастыра беру керек», -дейді ғалымдар. Себебі, сол шыңыраудан әлі талай ұрпақ сусындап, талай ұрпақ қуаттанады.

Нұрсұлу ҚАСЫМ


Хабарламаларға жазылу