Қазақстанда 5 ЖОО-ның лицензиясы бір айға тоқтатылды. Сонымен қатар 12 ЖОО-ға айыппұл салынып, біреуінің ісі сотқа жіберілген. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында жазды.
Білім министрлігі еліміздегі ЖОО-ларды тексеру жұмысының қорытындысын жариялады. Қазіргі уақытта бағалау жүйесінің тізбесіне енген 13 университет тексерілген.
«Оның ішінде бұған дейінгі ескертулерді елемеген 5 университеттің лицензиясы бір айға тоқтатылды. Сондай-ақ 12 жоғары оқу орнына айыппұл салынып, 1 университет бойынша іс сотқа жіберілді», - деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Министрдің мәліметінше, қазіргі уақытта міндеттеріне жауапсыз қарайтын ЖОО-лардың лицензияларын кері қайтарып алуға құқық беретін заң нормаларын енгізу қарастырылып жатыр.
«Бұл бастама Мемлекет басшысы тарапынан қолдауға ие болды. Қазір лицензияны қайтарып алу үшін сотқа жүгіну немесе қажет болған жағдайда барлық шағымдану процедурасынан өту керектігін естеріңізге саламын. Оған қоса, Премьер-Министрдің өкіміне сәйкес Үкімет жанынан жоғары оқу орындарын оңтайландыру комиссиясы құрылды. Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарына қойылатын біліктілік талаптарын да күшейтудеміз. Әсіресе, лицензияларында педагогтерді даярлауға арналған қосымшалары бар жоғары оқу орындарына жанама талаптар дайындалуда. Олардың саны – 85», - деді ол.
Білім министрі сондай-ақ мұғалімдерді даярлайтынын ЖОО-лардың санын 85-тен 20-25-ке дейін қысқарту жоспарланып отырғанын атап өтті.
«Олар басқа бағыттар бойынша мамандар даярлай береді. Ал педагогика бойынша лицензиялары қайтарылып алынуы мүмкін. Шамамен алғанда, әр аймақта мұғалімдерді даярлайтын 1 мықты ЖОО және Алматыда бірнеше оқу орны болмақ», - деді министр.
Айсхат Аймағанбетов жауапкершілігі төмен ЖОО-ларға қатысты қатаң саясат жүргізілетінін де айтты.
Айта кетейік, жыл соңына дейін тағы 12 ЖОО тексерілмек. Егер бұлардан құқықбұзушылықтар анықталса, лицензиясынан айырылып, ЖОО-ны жабу үшін құжаттар сотқа жіберіледі.