Қызылорда облысы, Қазалы ауданында құрылыс алаңында болған оқыс оқиғадан екі адам көз жұмды. Қазіргі таңда құрылысшылардың өліміне әкеп соққан қайғылы жағдайдың мән-жайы анықталуда.
Әйтеке би кетіндегі мәдениет үйінің құрылысын жүргізу барысында 1990 жылы туған екі азамат абайсызда 12 метрлік биіктіктен құлаған. Бірі сол жерде тілге келместен ажал құшса, екіншісі аудандық аурухананың реанимация бөлімінде көз жұмды. Әзірге нысан құрылысына тапсырыс беруші облыстық құрылыс, сәулет және қара құрылысы басқармасы тарапынан ешқандай мәлімет берілген жоқ. Дегенмен құқық қорғау органы екі адамның өмірі қиылған оқыс оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растап отыр.
Гүлжахан Қайырбергенова, Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі:
Қазіргі таңда, ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабының 4-бөлігіне сәйкес еңбекті қорғау қағидаларын абайсызда бұзу немесе екі одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс әрекеті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Әділбек СЕРІКҰЛЫ