Дариға Назарбаева Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Дмитрий Медведевпен кездесті, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Тараптар мемлекеттер арасында экономикалық тығыз байланыстар орнап, барлық саладағы ынтымақтастық өзара тиімді дамып келе жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ кездесуде Қазақстан азаматтарының Ресей аумағында жүріп-тұру жағдайларын құқықтық қамтамасыз ету, шекаралық өткізу бекеттерінің мәртебесін өзгерту, Қазақстан аумағындағы полигондардың экологиясы, су ресурстарын, оның ішінде трансшекаралық өзендерді бөлу мәселелері де қозғалды.
Дариға Назарбаева әңгіме барысында қазақстандық көмірді Ресей мен Украинаға жеткізу мәселесін көтерді. Сенат төрағасының айтуынша, жүкті Ресей аумағынан шығаруға және сол аумақтан Украинаға транзитке шектеулер енгізілгеннен кейін қазақстандық кәсіпорындарға Украина нарығына кіру мүмкіндігі жабылған, сонымен қатар Ресей нарығы айтарлықтай қысқарып қалған.
Ал Ресей Федерациясы үкіметінің басшысы кездесуде көтерілген мәселелер оң шешімін табатынына сенім білдірді.