Талғар ауруханасына қатысты материалдар прокуратураға жіберілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талғар ауруханасына қатысты материалдар прокуратураға жіберілді

24.10.2019
Талғар ауруханасына қатысты материалдар прокуратураға жіберілді

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде желіде қызу талқыға түскен Алматы облысының Талғар аудандық орталық ауруханасына қатысты жиын өтті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

ТКҚҚБК Алматы облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Қайрат Баймұхамбетовтің айтуынша, аталған медициналық мекемені 25-28 маусым аралығында тексерген, нәтижесінде қауіпсіздік тәртібі мен санитарлық нормалардың өрескел бұзылғаны анықталған. Осыған байланысты аурухананың бас дәрігеріне айыппұл салынып, ол жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, медициналық қызмет стандарттарын және дезинфекциялық режимді сақтамағаны үшін 7 медицина қызметкеріне де айыппұл салынған.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Талғар ауруханасын ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды.

«Аурухана неге мұндай жағдайға тап болды? Санитарлық нормалар мен ережеде медициналық мекеме ыстық сумен қамтамасыз етілуі тиіс деп жазылған. Бұл мәселе 2011 жылдан бері шешілмеген, сонда сіз мұны 8 жыл бойы білмедіңіз бе? Осындай олқылықтың салдарынан ерте ме, кеш пе инфекция өршиді», - деді Е.Біртанов Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысына.

Сондай-ақ, жиында министр бұл өңірде ана мен бала өлімінің көрсеткіші жоғары екенін, ол республикалық деңгейден де асып түскенін айтты. Сондықтан ол бұл мәселені Үкімет отырысында талқыға салатынын және басқарманың бірінші басшылары жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Кеңесте денсаулық сақтау басқармасында А гепатитіне қарсы вакциналардың жетіспейтіні де сөз болды. «СКФармация» басшысы Берік Шәріп өңір өтінішті уақтылы тапсырмағанын, ал басқа облыстарда мұндай жағдай байқалмағанын жеткізді.

Кеңес қорытындысы бойынша Е.Біртанов осы кемшіліктерді жою үшін тиісті тапсырмалар берді. Атап айтқанда, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ж.Бекшинге Талғар аудандық ауруханасын ыстық сумен жабдықтауға және санитарлық-эпидемиологиялық режимнің бұзылуына қатысты тексеру материалдарын Алматы облысының прокуратурасына беруді тапсырды.

Хабарламаларға жазылу